Өзбекстанда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің туризм басшылары кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің туризм басшылары кездесті

04.06.2024

Қазақстан туристік бағыттар тізімінде 119 елдің арасынан 52-ші орынға шықты. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі айтты. Өзбекстанның Хиуа қаласында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің туризм саласының басшылары кездесті.

Халықаралық жиын барысында ислам мемлекеттері арасында саяхатшылардың ағынын арттыру, туризмнің жаңа бағыттарын дамыту жайы сөз болды. Саладағы өзара ынтымақтастық, кедергісіз туризмге жол ашу мүмкіндіктері талқыланды.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице министрі:

Туризмнің деңгейі өсіп жатыр, биыл Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту бойынша жарияланған рейтингіде 119 ел арасында 52 позицияға өстік. 14 тармаққа өстік. Демек әлем елдері Қазақстанды туризм дамыған ел ретінде қабылдап жатыр.

Биыл Өзбекстанның Хиуа қаласына ислам әлемінің туристік астанасы мәртебесі берілген еді. 2500 жылдық тарихы бар шахардағы ерекше шараға Ислам ынтымақтастығы ұйымының өкілдері, сарапшылар мен 50-ден астам елден туризм саласына жауапты азаматтар қатысты.

Иброхим Барноев, туризмді дамыту комитетінің басқарма басшысы:

Ислам әлемінің туристік астанасы мәртебесі берілген тарихи шаһарға былтыр 500 мыңнан астам турист келген. Алдағы уақытта саяхатшылар санын арттыру үшін қажетті жағдай жасалып жатыр.

Халықаралық шараның аясында балуандар жарысы өтті. Оған 15 елдің ауыр атлеттері қатысты. Спортшылар салмағы жүздеген келі болатын арнайы құралдарды көтеріп жүгіруден жарысты. Арасында қазақстандық спортшы да бар.

Арсен Ульфанов, ауыр атлет:

Халықаралық балуандар сайысында Қазақстанның намысын қорғағаным мен үшін зор мәртебе. Күш пен әдіс-айланы, стратегиялық ойлауды қатар дамытатын мұндай спорт түрін елімізде де өркендетсек деген арманым бар.

Орталық Азияда бірнеше мың жылдық тарихтың сырын қойнауына бүккен және толық сақталған жалғыз шаһар енді жыл бойы ислам елдерінің туризм астанасы болады. Ауқымды жиын аясында Хиуа декларациясы қабылданды.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу