Қазақстандық жас теннисші Әмір Омарханов «Ролан Гарростың» жасөспірімдер арасындағы ашық чемпионатының екінші айналымына өтті. Парижде өтіп жатқан жарыста ол ресейлік Тимофей Дерепаскомен бірге жұптық ойында өнер көрсетіп жүр. Омарханов-Дерепаско жұбы енді ертең француз Шарли Камю мен австралиялық Хэйден Джонс дуэтімен бақ сынасады. Францияның ашық чемпионатында, сондай-ақ Қазақстанның бірінші ракеткасы да өнер көрсетіп жатыр. Елена Рыбакина осымен екінші рет Ролан Гарростың ширек финалына шықты. Сайыстың төртінші айналымында ол украиналық қарсыласы Элина СвитОлинаны 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Қазақстанның бірінші ракеткасы биылғы «Ролан Гарроста» тамаша өнер көрсетіп келеді. Сэттерінің бірде-бірінде қарсыласына есе жіберген жоқ.
Қаракөз Тұрмағамбет