Ұлыбританияда ұлттық дәстүрлер ұлықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда ұлттық дәстүрлер ұлықталды

04.06.2024

Ұлыбританияда ұлттық құндылықтарымыз ұлықталды. Бірнеше елдің өкілі қатысқан шарада Лондон қазақтары «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты қойылым қойып, шетелдіктерді салт-дәстүрлерімізбен таныстырды. 

Лондоннан бесік табу қиын. Елден алдыруға уақыт тығыз. Жергілікті қазақтар оны қолда бар дүниелерден жасады. Дегенмен бай мәдениетімізді шетелдіктерге тереңінен түсіндіру идеясы сәтті жүзеге асқандай.

Гүлзада Хасанова, Орал қаласының тұрғыны:

Шашуымды шаштым. Әуелі олар бір тіксініп қалды да, содан дәм екенін, оның тәтті екенін көріп, жерге еңкейіп алды.

Асық атып ойнап жатқан балалар, ұлттық нақышта киінген қазақ жастары шетелдіктерді сүйсінтпей қоймады. Беташар жоралғысы жиналғандардың ерекше қызығушылығын туғызды.

Джорокий Камувете, Намибия азаматы:

Бізде де жаңа түскен келіннің жүзі жасырылады. Қариялар батасын береді. Мен ерекше әсер алдым.

Маделин Хагган, Ұлыбритания азаматы:

Сіздерде қарт кісілерге сый-құрмет молынан көрсетіледі екен. Олардың жасы мен өмірлік тәжірибесі ерекше бағаланатыны қуантты.

Қазақстаннан бөлек, Доминикан, Жапония, Маврикий және басқа да 17 мемлекет өкілі өздеріне тән даралығын көрсетті. Сауда орталығында ұйымдастырылған көрсетілім мыңдаған көрерменнің назарын аударды.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу