Тәрбиешілердің қатыгездігі неге азаймай тұр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәрбиешілердің қатыгездігі неге азаймай тұр?

03.06.2024

Балабақшадағы тәрбиешіден психологиялық анықтама талап етілуі мүмкін. Өйткені мектепке дейінгі бүлдіршіндерге көрсетілетін қатігездік дерегі азаймай тұр. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, мұндай жайттар көбіне жеке меншік балабақшаларда жиі тіркеледі. Өйткені, онда кадр тапшылығы өзекті. Балабақшаға баланы қай жастан берген дұрыс? Психологтың кеңесі қандай?

Жоғарғы прокуратураның дерегінше, былтырдан бері бүлдіршіндерді сабалаған балабақша тәрбиешілеріне қатысты 3 қылмыстық іс қозғалып, 12 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұл сұмдық жайт жақында ғана Жаркенттегі «Жаскент» балабақшасында болған еді. Қатыгез мамандар мүгедек баланы да аяп жатқан жоқ. Павлодарда жүріп-тұруы қиын балаларға көмек көрсетуге арналған жеке меншік орталықта да жаға ұстатарлық жағдай болды. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, тіркелген фактілердің барлығы жекеменшік ұйымдарда болған.

Манара Адамова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры:

Көбінесе бүгінгі балабақшада болып жатқан келеңсіз жағдайлардың барлығы жекеменшік балабақшаларда орын алып жатқаны көп айтылуда. Мұндай ұйымдарда құрылтайшылар басшылар күнделікті 2 педагогтын орнына 1 гана педагог жұмысқа алуы мүмкін. Толық алынбауына , қамтылмауына байланысты шаршауына, күйзеліске алып келеді.

10 жылдан бері 2 бірдей жеке балабақшаны басқарып келе жатқан кәсіпкер Мадина Әжікенова кадр тапшылығы мәселеге айналғанын мойындайды.

Мадина Әжікенова, жекеменшік балабақша иесі, кәсіпкер:

Басқа балабақшадан алған кезде біз енді тәжірибесіне қараймыз ғой. Ұсыныс хат сұраймыз. Біз солай келістік. Өйткені кейбір тәрбиешілер балабақшалардың арасында жүреді. Біреуі 5 мың тг-ге жоғары десе сонда кетіп қалады. Жалақысына байланысты.

Тәрбиешілердің ессіз әрекеттеріне не себеп? Жүйкесі тозған мамандарды тану мүмкін бе? Бұл сауалдарға психологтан жауап алдық.

Жанар Сейітмағамбет, психолог:

Кейбір адамдарда пассивті агрессия болады.Көрсетпейді мүлде агрессияларын. Ата-ана көзінше әдемі сөйлеуі мүмкін. Сондықтан бала сөйлемейінше, балабақшаға бермегеніңіз дұрыс. Психикасы төмен, әлсіз болып тұр. Психикасы 1-2 жасар баланы басқаруға күші жетпей тұр. Көбіне балаларды қолданып жатады үлкендер агрерсияны шығаруға. Өйткені олар үлкен адамға агрессиясын көрсете алмайды.

Республика бойынша 11 мыңнан астам жеке мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Олар биылдан бастап лицензиялануы тиіс. Мемлекеттік аттестациядан өтуге 2 рет мүмкіндік беріледі.

Динара Жарқынбек


Хабарламаларға жазылу