Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құрылуына негіз болған құжатқа 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында қол қойылған. Ол кезде әскери келісімге Қазақстанмен қатар Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан келген еді. Кейіннен оған Әзербайжан, Беларусь пен Грузия қосылды. 1994 жылы 20 сәуірде келісім ратификацияланды. 2002 жылы толыққанды ұйым ретінде қайта құрылып, жарғысы бекітілді. 2009 жылы президенттер біріккен ұжымдық шұғыл әрекет ету күштерін құрды. Оның құрамында 18 мыңға жуық әскер бар. Жыл сайын біріккен әскери оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Қазіргі таңда 6 ел мүше. Қазақстан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан. Ұйымның негізгі мақсаты - мемлекеттердің қауіпсіздігіне төндірген қатерлерге қарсы тұрып, елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау.
Шерхан Жамбылұлы