Ал біздегі тасқыннан зардап шеккендерге көмек қалай болып жатыр дегенге келсек. Президентке премьер-министрі есеп берген – О. Бектеновтің айтуынша, 30 770 отбасыға 100 АЕК көлемінде бір реттік төлем берілген. Оған 11 миллиард теңге кеткен. Жалпы 15 103 тұрғын үй тексеріліп, 11 186 нысанды бағалау жұмыстары аяқталған. 432 отбасы бұзылған баспаналарының орнына жаңа үй мен пәтер алған. Сонымен қатар 1862 жаңа үй салынып жатыр. 3 мыңдай отбасыға баспанасын жөндеу және қалпына келтіру үшін өтемақы төленген. Зардап шеккен тұрғындарға аса қажет дүние-мүлік сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша өтемақы төленіп жатыр. 4 мыңнан аса отбасы 1 миллиард теңге көлемінде өтемақы алған. Сондай-ақ, өлген малдың өтеуіне 2,3 миллиард теңге төленген. Айтпақшы, алдын ала бағалау бойынша су тасқынынан 731 бизнес субъектісі зардап шеккен. Кейін премьер-министр әкімдіктерге Өнеркәсіп министрлігімен бірге тұрғындардың баспаналары мен мүліктеріне келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырған.
«Азаматтарымыздың қиын жағдайына түсіністікпен және жан-жақты мұқият қараңыздар. Жұмыстарды кешіктірмей, барынша тездету керек. Қанат Алдабергенұлы, қатаң бақылауда ұстаңыз», деген. Қанат Алдабергенұлы деп тұрғаны, бұл шаруа вице-премьер Бозымбаевтың тікелей жұмысы. Ал енді Оралдағы саяжай учаскелерінің мәселесін де кешіктірмей шешпесе болмайды. Ол жерде 15 мыңнан аса учаске бар. Жалғыз баспанасы сол саяжай ғана азаматтарға баспана беріледі деген. Біріншіден, есеп шын жүргізілуі керек. Екіншіден, тездету қажет. Жаз деген зыр етіп өте шығады...