Балаларды қорғау күніне орай Шымкенттегі перинаталдық перзентханада «Бір күндік клиника» орталығы ашылды. Пилоттық жоба ана бойындағы шарананың кемістігін ерте бастан анықтап, нәресте өлімін азайтуға мүмкіндік бермек.
Мына германиялық озық қондырғының көмегімен енді жүкті әйелдің қаны арқылы іштегі шарананың жағдайын жарты сағат ішінде толық білуге болады. Биохимиялық зертхана бала ағзасының дамуындағы хромосомалық ауытқуларды дәл анықтайды. Дәрігерлер онымен жұмыс істеуді үйрену үшін Астана мен Екатеринбург қалаларындағы клиникаларда тәжірибе жинап қайтты.
Гүлжан Сиқымбайқызы, дәрігер-генетик:
Дауна синдромы, Эдвард синдромы, Патау синдромы анықталады. Бір күнде, 30-40 минуттың ішінде нәтижесін береміз. Бұған дейін біз 81-90 жүкті әйелдің анализін жинап қойып, 2-3 күнде беретін едік нәтижесін.
«Бір күндік клиника» деп аталатын мұндай орталықтың артықшылығы диагностикадағы дәлдік және медициналық тексерістің шапшаңдығы. Соның арқасында жүкті аналар үшін ультрадыбыстық зерттеу, веноздық қан тапсыру, сәбиінің хромосомалық жиынтығын нақтылау және акушер-гинекологтан кеңесін алу әлдеқайда жеңілдеді.
Шәкизат Халықов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ана денсаулығын сақтау басқармасының басшысы:
Жүктіліктің ерте мерзімінде ақауды анықтауымыз керек. Соған байланысты жүктілікті ерте мерзіміде үзуіміз керек. Себебі бұл кез-келген ана үшін де, оның денсаулығы үшін де қауіпсіз. Біз әйел өміріне қауіп төндірмеуіміз керек. Негізгі мақсат осы.
Жыл сайын елімізде 400 мыңнан астам сәби өмірге келетін болса, соның бір пайызы іштен туа бітті кеміс болып дүние есігін ашады. Олардың 96 пайызы ағазалары дұрыс жетілмей туылса, өзгесі генетикалық тұқым қуалау нәтижесінде кеміс болады. Жаңа орталық енді жүктілік кезінде болатын аурулардың асқынуын азайтып, ананың дүниеге денсау ұрпақ әкелуіне жәрдемдеседі.
Ғани Қалмахан