Президент балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығын аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығын аралады

01.06.2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының жаңа корпусымен танысты. Жаңа ғимарат Emergency халықаралық стандартына сай салынған. Тәулігіне 500-ден аса науқасты қабылдай алады. Ауруханада Алматы қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның балалары жоспарлы ем-дом алады. Республика бойынша тек осы клиникада жаңа туған нәрестелерде кездесетін асқазан артрезиясы, көкет жарығы, секілді туабітті дерттерді хирургиялық жолмен емдеу жолға қойылған.

Әлібек Смағұлов, Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының директоры:

Бұл жерге өкпені жасанды желдету аппараты, томография және басқа да заманауи медициналық құрылғылар орнатылған. Жаңа туған нәрестелерге күрделі оталар жасаймыз. Ал балаларға арналған аппараттар, тіпті төсек орын ересектерге қарағанда ерекше. Ал мұнда барлығы ескерілген. Бұл біз үшін ғана емес еліміздің барлық балалары үшін өте жақсы жаңалық болып тұр. 

Ескі ғимарат 1965 жылы пайдалауға берілген. Ал, емделуші саны жыл сайын көбейіп келеді. Соңғы үш жылда 30 пайызға артқан. Сол себепті негізгі ғимаратты да жаңарту және реконструкциялау жоспарланған. Кейін қосымша оңалту, отоларингология, аймақтық офтольмология орталықтары және жақ-бас сүйек хирургиясы бөлімшелері ашылмақ.

Қуаныш Нәдірұлы, Балалар хирургы:

Ол сөйлей алмайды. Айта алмайды. Өзінің сондай ерекшеліктері бар. Сол ерекшеліктерлің диагнозын дөп қойып уақытында жәрдем беру осы аурухананың үдесінде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық мекеменің қызметіне табыс тілеп, 2 реанимобиль мен интерактивті тақтаны сыйға тартты.


Хабарламаларға жазылу