Ескі көліктен жол апаты жиі болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ескі көліктен жол апаты жиі болады

31.05.2024

Автокөлік өнеркәсібін дамыту үшін утиль алым мен бастапқы тіркеу жарнасының маңызы зор. Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми сайтында осындай ақпарат жарияланды. Онда көлік паркінің жаңаруына утиль мен бастапқы тіркеу алымын төлеудің енгізілуі айтарлықтай әсер еткені және 10 жылдан асқан көліктің саны азайып, жаңасының үлесі артқандығы жазылған.

Ал заңгерлер министрліктің мұндай уәжімен келіспейді. Авто өндіріс саласындағы жұмысшылардың ғана емес, көлік жүргізушілердің де құқығы қорғалуы керек деп санайды. Өйткені олардың саны бірнеше миллион. 

Ғабит Ұзақбай, тілші:
Жұрттың бәрі жарқыратып жаңа көлік мінгісі келеді. Бірақ оған қалтасы көтере бермейді. Мысалы мына көлікке 14 жыл болған. Дамыған елдерде мұндай көліктердің жүруіне рұқсат бермейді. Ал бізде 30 жыл бұрынғы көліктердің өзі әлі сүйегін сүйретіп көшеде жүр. Амалы жоқ. Өйкені жаңа көлік өте қымбат. Сырттан әкелсе бастапқы тіркеу мен утиль алым үшін миллиондап ақша төлеуге мәжбүр. «Осыны алып тастайықшы»,- деген халық пікіріне Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев автозауыттағы жұмысшылардың құқығын қорғау керекпіз, деп айтып жүр.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Қазіргі уақытта бізде 50 мыңға жуық адам автоөнеркәсіп саласында жұмыс істейді. Бұл жерде бір топтың мүддесін қорғау үшін келесі топтың жұмысын тоқтату қаншалықты дұрыс болар екен.

Қанат Шарлапаевтың сөзінше, зауыттағы жұмысшы саны әлі 50 мыңға жетпеген. Ал елімізде көлік жүргізу құқығына ие азаматтардың саны қанша?!

Арай Төлегенқызы – ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
Елімізде көлік жүргізу құқығына ие азаматтардың саны 5 млн 800 мыңнан асады. Жылына шамамен 120 мыңнан аса азаматтар жүргізу құқығына ие болады.

Бірақ олардың жартысынан астамы ескі көлікпен жүр. Жолдағы көлік апаттарына себеп болатын да осы тозығы жеткен көліктер.

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
Біздегі көліктердің жартысы 20 жылдан асып кеткен. Олардың заманауи қауіпсіздік жүйесі жоқ. Сондықтан тех байқаудан да амалын тауып өтіп жүр.

Бұдан шығатын қорытынды, шамамен 3 млн адамның көлігі ескі. Яғни, осынша адам көлігін жаңартқысы келеді. Сондықтан бір топ жұмысшы үшін миллиондаған азаматтың қалауы мен құқығы шектеліп жатыр, - дейді заңгерлер

Аржан Садуақас, заңгер:
Біз үш млн көлік жүргізушінің оның ішінде тағы басқа азаматтар бар компаниялар бар, олардың құқықтарын ескеру қажет, деп ойлаймын. Неге? Себебі Министрдің айтуы бойынша, тек қана сол салада жұмыс істейтін олардың мүдделерін ғана ойлап тұр. Ал бұл жерде халық саны көп, 3,5 аса млн. Екіншіден әр азаматтың құқықтары да, мүдделері де бірдей.
Ғабит Ұзақбай, тілші:
Осындай теңсіздікке көнбеген бір топ белсенді петиция жариялап, қол жинауға көшті. Оны қолдап қол қоюшылардың қатары күн сайын артуда. Шілде айына дейін әлі уақыт бар. Содан кейін Үкімет бір шешім қабылдамақ.

Ғабит Ұзақбай

Хабарламаларға жазылу