Таразда өрт сөндіру гидранттарының 25 пайыздан астамы жарамсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда өрт сөндіру гидранттарының 25 пайыздан астамы жарамсыз

30.05.2024

Таразда өрт сөндіру гидранттарының 25 пайыздан астамы жарамсыз жағдайда тұр. Бүгінде қала аумағында 2250 өрт қауіпсіздігі құралы бар десек, оның 500-ден астамы істен шыққан.

Салдарынан, соңғы кезде қызыл жалынды ауыздықтау қиынға соғып жүр. Төтенше жағдайлар департаменті, құрылғылар жаңармай, өрт оқиғалары өршиді деп дабыл қағып отыр. Мамандардың айтуынша, әсіресе сауда нысандары су гидранттарына селсоқ қарайды. Су сору құралдары, ең ірі бес базардың тек біреуінде ғана бар. Екі ай бұрын «Омар ата» базары өртеніп, өрт сөндірушілер көрші нысаннан суды тасып сарсаңға түскен болатын.

Қайрат Қойбақов, Облыстық өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы:

Өрт сөндіру кезінде осындай жағдайлар көріп тұрғанымыздай өрт сөндіру гидрантының сақинасы жылжып кеткен. Бұл өте шешуші рөл атқарады. Бізде қиындықты өте көп тудыратын болады. Бізге су тасу 200 метрден сәл асыңқыраса оынң өзі уақыт болып табылады.

Көше гидранттарының көбі, жол салу жұмыстары кезінде бүлінген. Қала билігі, биыл күзде жарамсыз гидранттарды жаңартпақ. Оларды сатып алуға 36 млн теңгеге жуық қаржы қаралып, орнату үшін 17 млн теңге бөлінген. Ал базар басшылары, құрылғыларды қою әкімдік міндеті десе, шенеуніктер кәсіпкер құзырындағы шаруа деп отыр.

Қайрат Исмаил, Қала әкімінің орынбасары:

Өздері жүргізу қажет. Мынау орталық магистральды желілерден сервистік желілерді тарту, оның ішінде меншік нысаны яғни жеке нысан болғаннан кейін оның өзінің ішінде жүргізілетін жұмыстарының бәрі сол меншік иесі есебінен қамтылу керек. 

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу