Ұлытау облысы Жезқазған қаласында 5 жасар бала көлікпен бір топ адамды қағып кетті. 5 адам зардап шекті. Машинада анасымен болған бала тежегіш тұтқасын тартып қалған. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жезқазғанға қонаққа келіп, ауруханадан бірақ шыққан Гүлнар Сүлейменова сол күні ең қатты зардап шеккендердің бірі. Қаражал қаласынан келген ол мейрамханадан шыға бергенде кенеттен көлік соғады. 7 қабырғасы сынып, ішкі мүшелеріне зақым келген.
Гүлнар Сүлейменова, Қаражал қаласының тұрғыны:Жағдайым жақсы, дәрігерлер жақсы қарап жатыр. Тарс еткізді содан кейін, есімді білмеймін. Қасымызда төрт адам, олардың жағдайлары жақсы. Жас бала ғой байқамай қалды, ручникті тартып қалған, ішінде шопыр болмаған.
5 жасар баланың шалалығынан тағы 4 адам түрлі дене жарақатын алды. Соққы алғандардың арасында 6 жасар бала да бар. Барлығы тұрғылықты мекен-жайы бойынша амбулаториялық ем қабылдауда.
Шахрух Юлдашев, облыстық көпбейінді аурухана директорының орынбасары:3 әйел адам әр түрлі жарақаттарымен келісіп түсті. Барлығына тиісті көмек көрсетіліп, тұрғылықты жеріне жібердік. Арасында 2018 жылғы бала да бар. Ол бас жарақатын алған. Жағдайы жақсы. Ауруханаға жатқызылған тұрғынға ота жасалмады, қазір бақылауымызда.
Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Полицияның мәліметінше иесі көлікті тұраққа дұрыс қоймаған. Сараптама тағайындалды. Қалай болғанда да баланың ата-анасы жауапкершіліктен құтыла алмайды. Шығынды өтейді дейді заңгер.
Ибрагим Сәдуақасов, заңгер:Менің ойымша бұл жерде келетін екі бап бар. Біріншісі ҚК 345 бабы, екіншісі ҚК 140 бабы. Жауапкершілікке бала емес оның әке-шешесі тартылады. Қалай болғанда да ата-анасы кем дегенде жәбірленуші тараптың мүліктік және моральдық зиянды өндіріп беруге міндетті болады.
Көліктің тежегіш тұтқасын тартып қалған баланың жағдайы жақсы. Ата-анасы психологтың көмегіне жүгінбеген. Іс бойынша кінәсі расталса, көлік иесі 7 миллион теңге айыппұл арқалайды немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жандос Бақытұлы