Биыл елімізде 186 мың түлек мектеп бітіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл елімізде 186 мың түлек мектеп бітіреді

27.05.2024

Биылғы түлектер мектеп бітіру шарасын еш ысырапсыз, даңғазаға жол бермей өткізетіндеріне сенемін. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осылай деп мәлімдеді. Алайда, ескертуге құлақ аспай, көлік шеруін ұйымдастырып, қымбат мейрамханада ұланасыр той жасау азаймаяр емес.

Бұл Угандадағы танымал мектептің бітіру кеші. Түлектер салтанатты іс-шараға тікұшақ жалдап, қымбат көлікпен барған. Ғаламторда миллиондаған қаралым жинаған бұл кеш ауқымы жағынан әйгілі Канн кинофестивалімен оңай бәсекелеседі.

Алайда, өзіміздің түлектер де шетелдіктерден қалыс қалмай келеді. Қымбат мейрамхана жалдайды, қыздар мерекеге арнап көйлек пен әшекей таңдайды, шараны бір емес, екі асаба басқарады.

Манат Дәулетбекұлы, асаба:

Шынын айтқанда, қазіргі үлкен той мен қыз ұзату сияқты өткізгісі келеді, сұрағандарын береміз. Шоу десе шоуын жасаймыз. Ойын десе ойын ойнатамыз. Шоуымен 500-600 мың теңге кетеді.

Мейрамбек Азатұлы:

2 жыл бұрын бітірдік оқуды. Мықты асаба шақырдық, балалармен ақылдастық. Жастар талабына сай болды. Өмірде бір рет болатын бітіру кеші, артық шығын деп ойламаймын.

Өмірде бір рет болатын мектеп бітіру кешін жасаушылар өмірдің де бір рет берілетінін ескерсе екен, дейді тәртіп сақшылары. Өйткені былтыр ұлан-асыр той жасаймыз, деп Атырауда 10 көлікпен кортеж жасап жолға шыққан түлектер апатқа ұшырады.

Шыңғыс Алекешев, ІІМ ресми өкілі:

Көптеген түлектер мектеп бітіру кешін өз бетінше жалғастырады, өкінішке қарай жасөспірімдерің көлік тізгіндеуі қайғылы жайттарға әкеп жатады. Өткен жылы мұндай оқиға Жамбыл, Атырау, Алматы қаласында болды.

Кей оқушылар сынақтан жақсы балл алсам, деп емес, балда не кием деп әуре-сарсаңға түседі. Жалпы мектеп бітіру кешін түбегейлі ұйымдастыруды доғару керек, дейді мектеп директоры Самал Нұғманова.

Самал Нұғманова, мектеп директоры:

Басшылық қызметіме 9 жыл болды. Осы 9 жылда мектепте той тойлау рәсімі болып көрген жоқ. Айттым, түсіндірдім, мектеп бітіру той жасайтын мереке емес. Стеоротипті жоюымыз керек мұндай. Қазір білім іздейтін заман, ғаламтордың заманы.

Біз барған мектептің оқушылары да мейрамхана мен көлік шеруін қып-қызыл шығын деп отыр.

Бектөре Есенжол, түлек:

Сыныбыммен жиналып, пикник жасап, ботаникалық саябақта табиғатта отырғымыз келеді.

Аида Ахметбек, тілші:

Биыл 186 мың түлек мектеп бітіреді. Соңғы қоңырау соғылады. Түлектер дәстүрге сай аттестат алады. Ал мектептің қабырғасынан тыс болатын жиын-тойларды бақылайтын арнайы штаб құрылды. Оның құрамында медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшылары бар. Мақсат – оқушы қауіпсіздігі.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу