Бүгін Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына – 100 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына – 100 жыл

25.05.2024

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, азат елдің қаһарман деген айрықша атағын алғаш алған даңқты әскери қолбасшы, Кеңес одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің ғасырлық мерейтойына орай елімізде түрлі шаралар өтіп жатыр.

Бүгін Астана мен Алматыда армия генералының рухына бағыштап, гүл шоқтары қойылды. Соғыс көрген, өмірінің 54 жылын әскерде өткізген қазақтың сардар ұлы 40 жылға жуық осы үйде тұрған. Бүгін батырдың рухына бағыштап, әскери сала мамандары ескерткіш тақта алдына гүл шоқтарын қойды. Сағадат Нұрмағамбетов майданда да, әскери қызметте де алғы шепте, қатал емес, қамқор басшы болды, дейді көзін көргендер.

Махмұт Телегусов, отставкадағы генерал-майор:

Сағадат Нұрмағамбетовтың қырағылы, әскери саладағы тәжірибесі, біліктілігі, патриоттық тұлғасы, елге деген сүйіспеншілігі бәрімізге үлгі болды. Ол командир ретінде қарамағындағы әскери қызметкерлердің, сарбаздардың жан дүниесін түсінді. Министр болған тұста өзі казарманы аралап жүріп, жағдайымызды сұрап отыратын. Еліміздегі бірнеше әскери бөлімді өзі ашты.

Астанада да Халық қаһарманының есімі берілген оқу ордасында батырдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Қазір Сағадат Нұрмағамбетов атындағы кіші сержанттарды даярлайтын әскери колледжде 300-ге тарта сарбаз білім алып жатыр. Олар алдағы уақытта Қазақстан қарулы күштерінің қатарын толықтырады.

Қабылбек Оршыбеков, С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж бастығының орынбасары:

Бұл шара Қазақстанның барлық аумағында өткізіліп жатыр. Батырдың туған жерінде де ескерткіш ашылып жатыр. Болашақ ұрпаққа батырдың ерлігін кеңінен насихаттау арқылы тәлім-тәрбие жүргіземіз.

Сондай-ақ, Алматыда ғасырлық мерейтойға орай өткен бокстан халықаралық турнир де өз мәресіне жетті. Сайыста жеті мемлекеттен келген 150-ге жуық спортшы өзара бақ сынады.

Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы:

Биыл елімізде ерекше жыл. Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы. Бүкіл қазақ елі атап өтіп жатыр. Бүгін бокстан жарыстың ақтық күні. Финал бүгін болады. ЦСКА командасынан финалға үш жігітіміз шыққан. Жыл сайын дәстүрге айналған турнирімізді келер жылы бұдан да жақсы етіп өткіземіз.

Бар ғұмырын Тәуелсіз елдің әскерін жасақтауға арнаған тұлғаның 100 жылдық мерейтойы жыл соңына дейін тойланады.


Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу