Академик Төрегелді Шарманов өмірден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Академик Төрегелді Шарманов өмірден озды

25.05.2024

Бүгін 94 жасқа қараған шағында белгілі академик Төрегелді Шарманов өмірден озды. Саналы ғұмырын отандық медицина саласының дамуына арнаған қайраткер қатардағы дәрігерден бастап, денсаулық сақтау министрі қызметін абыроймен атқарды. Қазақ медицинасының абызы ұлтты салауатты өмір салтын ұстануға үндеп, соңынан мол мұра қалдырды.

Төрегелді Шарманұлы 12 жыл бойы республиканың Денсаулық сақтау министрлігін басқарды және алғашқы медициналық-санитарлық көмектің теңдесі жоқ жүйесін құрды. 1974 жылдан бастап ол республиканың жетекші ғылыми ұйымдарының бірі - Қазақ тамақтану академиясына басшылық етті. Оның жетекшілігімен 56 докторлық, 170 кандидаттық диссертациялар қорғалды.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы Ғылым академиясының президенті:

Төрегелді Шармановтың артында үлкен өшпес із қалды – өзінің ғылыми мектебі, шәкірттері, ғылыми жұмыстары. Қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы деуге болады. Ол кісі өзінің бүкіл саналы өмірін Қазақстан халқына қызмет етуге арнады. Біздің ұлттық денсаулық саламыздың негізін қалаған. Сол денсаулық саласын дамытқан бірден-бір азамат – бұл Төрегелді Шарманов.

Мемлекет және қоғам қайраткері 1978 жылы әлемнің 140 елінен дәрігерлерді шақыртып, Алатау баурайында алғашқы медициналық көмек жайында конференция ұйымдастырды. Нәтижесінде әлемдік денсаулық сақтаудың «Ұлы хартиясы» аталатын декларация қабылданды. Бұл құжат отандық медицинамен қатар, дамыған елдердің осы саладағы бағытын айқындап берді. Ұлт үшін тер төккен арда азаматқа еліміздің ең жоғары дәрежелі – Еңбек ері атағы да берілді.

Асанәлі Әшімов, актер, Қазақстанның Еңбек ері:

Қазаққа жасаған жақсылығы ұшан теңіз. Оның бәрін ұмытпаймыз. Сирек кездесетін адамдар ғой. Осындай адамдар ғой өмірді жақсартатын. Елді, халықты жақсартатын. Халықтың дәрежесін көтеретін осындай Төкең сияқты ардагерлер.

2005 жылы академик Шарманов Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы - Леон Бернард сыйлығының ең жоғары құрметіне ие болды. Бұл денсаулық сақтау саласындағы Нобель сыйлығымен пара-пар.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу