Қарағанды облысы Талды ауылының оқушылары биылғы оқу жылын апатты мектепте аяқтады. Білім ордасы қазір темір құрсаулардың көмегімен ғана тұр. Оған да біраз жыл өткендіктен қабырғасы қақырап, ірге тасы сөгілген. Ал жаңа мектеп құрылысы біраз уақыттан бері тоқтап қалған. Оған не себеп? Өңірдегі тілшіміз Жандос Бақытұлы анықтап көрді.
Әйгерім Бағдатқызы екі баланың анасы. Ұлдары осы мектепте білім алады. Өзі де осы жерде жұмыс істейді. Күнде қабырғасы қираған мектепке балаларымды жетектеп келіп, үйге қайтқанша үреймен отырамын - дейді ол.
Әйгерім Бағдатқызы, Талды ауылының тұрғыны:
Кейде кіреберісте, топтарында, сыныптарында жарықтарды байқаймыз. Кейде жоғарғы қабатта балалар жүгірген кезде, астыңғы қабатқа топырақтар құлап түсіп жатады. Сол кезде қорқыныш пайда болады. Мына мектебіміз тезірек бітсе екен, салынса екен.
30 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектеп құрылысы 2005 жылы сыр берген. Сол кезде қауіпсіздік үшін айналдыра темір құрсаулармен қаптаған. Ал 2021 жылы тіпті 70 пайызға дейін апатты деген техникалық қорытындысы шыққан.
Алтын Құсайынова, мектеп директорының орынбасары:
Қауіп бар қорқамыз. Опырылып жатқан фундаментті көрген кезде, жарылған қабырғаларды көрген кезде, сырттан кіріп келе жатқанда жарылып, бүлініп тұрған жерлерді көрген кезде әрине қорқынышты. Жылдың соңында міндетті түрде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз.
Ескі мектеп бұзылып, жаңа мектеп салынуы тиіс болған. Тіпті жер де беріліп, құрылыс басталған болатын.
Жандос Бақытұлы, тілші:
Бұл Талды ауылында салынып жатқан жаңа мектептің құрылысы. Негізі былтр қолданысқа берілуі керек еді, бірақ құрылыс тұралап қалған. 200 балаға шақталған, қос қабатты білім ошағы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
2021 жылы бастау алған мектеп құрылысы әлі жалғасуда. Іргетасының сапасыз қалануына байланысты орта жолдан тоқтаған.
Ербол Жоламан, Қ.Аманжолов атындағы ауылдық округ әкімі:
2023 жылы аяқталуы керек болатын. Бірақ тоқтап қалды да, енді қайта жанданып жатыр. Жұмыстар жасалып жатыр. Фундамент салуы, жердің отыруы байланысты тоқтаулар болды.
Жаңа мектептің құрылысына 1 миллиардтан аса қаражат бөлінген. Оқушылар жаңа ғимаратта 2025 жылы ғана білім ала алады. Оған дейін ескі білім ошағында амалдауға тура келеді.
Жандос Бақытұлы