Форумнан кейін Президент екі жақты кездесулер өткізіп, әлемдік ірі корпорациялардың төрағаларын қабылдады. Осындай кездесулердің бірінде Qazaq Air-ді вьетнамдық компания сатып алатыны белгілі болды. SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Қазақстандағы бірнеше әуежайды басқаруға алып, логистикалық қоймаларға инвестиция құюға да қызығушылық білдірді. Ал Qazaq Air әуекомпаниясын сатып алу шарттарына сәйкес, инвестор 5 жыл ішінде Boeing 737-Max және Airbus ұшақтарының жиырмасын елімізге әкелуі керек.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Сингапур Премьер-министрінің орынбасары - Экономикалық саясат жөніндегі үйлестіруші министрімен кездесті. Кейін тараптардың қатысуымен коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Олар «Қазпошта» мен сингапурлық пошта арасындағы стратегиялық ынтымақ туралы келісім, Цифрлық дәлізді іске қосу туралы декларация және «Қазақстан темір жолы» мен G-trans Service арасындағы ынтымақты одан әрі дамыту туралы меморандум. Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Indorama корпорациясы басқарма төрағасының орынбасарын қабылдады. Сингапурда орналасқан Азиядағы жетекші химия өнеркәсібі холдингінің 32 елде 136-дан астам өндіріс алаңы бар. Осы компания Жамбыл облысында толық циклді фосфор тыңайтқышы өндірісін ашу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асырмақшы.
Досжан Маратұлы