Мемлекет басшысы Сингапур Премьер-министрі Лоуренс Вонгпен кездесті. Келіссөз барысында, Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы стратегиялық серіктесі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы көпжылдық ықпалдастыққа жоғары баға берді. «Біз Сингапурмен арадағы көпжақты ынтымақты дамытуға баса мән береміз. 1970-жылдары жас дипломат ретінде, маған Сингапурда қызмет ету бақыты бұйырды. Өзім жұмыс істеген жердің мекен жайы да әлі есімде», – деді Президент.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сингапурға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты қатынастарға тың серпін беретініне сенім білдіріп, ол үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Кейін Қазақстан Президенті мен Сингапур Премьер-министрі сапар барысында қол қойылған құжаттарды алмасу рәсіміне қатысты. Сапар аясында мемлекетаралық және ведомстоаралық алты құжатқа қол қойылған еді. Ол экономика мен ғылым, білім салаларында ықпалдастықты арттыруға бағытталған. Мәселен құжатқа сай, алдағы уақытта Сингапурмен сауда көлемі артып, су тапшылығы, тасқын қауіпі секілді мәселелердің алдын алу үшін қажетті мамандар Сингапурда білім алатын болады.
Досжан Маратұлы