Шымкентте қалалық ҚХА-ның кезекті сессиясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте қалалық ҚХА-ның кезекті сессиясы өтті

22.05.2024

«Тірегіміз – тәуелсіздік, байлығымыз – бірлік, мақсатымыз – өрлеу». Бүгін осындай тақырыпта Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті. Онда Президент жүктеген міндеттер мен ассмблея атқаратын жұмыстардың жайы пысықталды.

Әділдік, жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және патриотизм. Осындай ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіруде Қазақстан халқы ассамблеясына үлкен міндет жүктеліп отыр. Осы мақсатта ақпараттық, ағартушылық, тәрбиелік, түсіндіру шараларын өткізу көзделген.

Марат Әзілханов, Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:
Республикалық деңгейде Аналар кеңесі аясында «Салауатты сана» деп аталатын жаңа жоба әзірлеп жатырмыз. Бұл жоба 5 әлеуметтік келеңсіздікке қарсы болады. Нашақорлық, құмар ойынға тәуелділік, отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық.

Жастарды Ассамблея жұмысына қатыстыруға да айырықша мән беріліп отыр. Биыл еліміздегі тасқын кезінде олардың көмегімен Шымкенттегі этнос өкілдері апат болған аймақтарға 120 тоннадан астам қайырымдылық көмегін жіберді. Жалпы еліміз бойынша төтенше жағдай кезінде көмекке 770 мыңнан астам ерікті барған.

Данара Саранова ,волонтер, жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Ең бірінші біз үшін ол ресурстық көмек. Мекен-жайы бар. Сол жерде жиналып, ақылдасып, осындай шараларды тегін жүргізе аламыз. Тағы оған қоса Ассамблеяның көмегі ретінде қолдау, кеңес беру және жобаларға эксперт ретінде қатысу.

Тіл мәселесі де ассамблея жұмысының негізі бағыты болмақ. Бүгінгі таңда Шымкент тұрғынадарының 30 пайызы өзге ұлт өкілі саналады. Құрылым қазақ тілін ұлтаралық қатыныс құралына айналдыруда енді қозғаушы күшке айналады. Сессия соңында мегаполистің бірқатар белсенді азаматтарды Қазақстан халқы Ассамблеясының төсбелгісімен марапаттады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу