Бүгін Мәжіліс депутаттары Адам саудасы туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжатқа сай интернет арқылы сексуалдық қызметтер ұсынатындарға жаза өзгермек. Баласын саудалағандарға да қылмыстық жауапкершілік күшейеді.
Нұрсұлтан Тілектес,тілші:
Бүгін Мәжіліс отырысы әдеттегіден бір сағатқа ерте басталып, депутаттар 10-нан астам заң жобасын жұмысқа алды. Соның ішінде бір жыл бойы талқыға түскен Адам саудасы туралы заң бүгін екінші оқылымда қабылданды. Сонымен өзгерістер енген жаңа құжатқа сай сексуалдық қызмет ұйымдастырушылары мен қызмет көрсететіндер, сондай-ақ оларды жарнамалайтын сайттардың иелері де жазаланады. Олар бұрыңғыдай әкімшілік емес қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Марат Бәшімов,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Сайттар көбейіп кеткен. «Айка» сынды неше түрлісі бар. Оның бәріне шектеу қойылады. Өйткені бәрі заңсыз деп, қылмыстық жауапкершілік деді. Сонан соң еңбекке біз жұмыс береміз деп алдайтын, туристік фирмалар бар. Қазір біз туристік фирмаларды жауапкершілікке кіргізіп жібердік.
Заңға енгізілген ілеспе түзетулерде бірқатар жаңа санаттар пайда болды. Мәселен адам саудасына қатысы бар қылмысқа қатысқандардың татуласуына тыйым салынды. Жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік көмектерді алу құқығы толықты. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты тарау пайда болды.
Шахноза Хасанова, «Әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры:Бүгінгі таңда тек әуелдер мен ер азаматтар ғана емес кәмелет жасына толмағандар да адам саудасының құрбаны болуда. Осы бойынша бұл заңнамада арнайы тарау қарастырылып жатыр. Егер осындай жағдайға тап болған кәмелет жасына толмаған балалар болса оларға қандай көмек көрсету, оларды қалай анықтау әрі қарай қалай қорғау бойынша заңнама бізге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары елімізде бала саудасы да белең алған. Перзентін саудалағандар түрлі сайттар мен мессенджерлер арқылы жарнама жасайды екен. Былтыр елімізде баласын сатпақ болған 17 азамат ұсталған.
Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:Ол сайттарда сәби 100 мың теңгеден – 2 млн теңгеге дейін бағаланады. Мұндай қылмысқа барғандар 18 жылға сотталады. Десе де, бұл бағыттағы қылмыс саны азаймай отыр. Сондықтан заңға өзгеріс енгізіп, жазаны қатаңдату керек болды.
Нұрсұлтан Тілектес,тілші:
Сондай-ақ енді жаңа туған нәрестені тастап кеткені туралы хабарламаған медицина ұйымдар мен балалар үйінің қызметкерлері де әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды. «Неке және отбасы» кодексіне енгізілген өзгеріске сай жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдау кезінде қамқоршылық ұйымдарына немесе прокуратураға хабарлауға міндеттеледі. Заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді.
Нұрсұлтан Тілектес
