Шымкентте скейт паркі жылға жетпей бүлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте скейт паркі жылға жетпей бүлінді

22.05.2024

Шымкентте қала күні мерекесінде тұрғындарға тарту етілген скейт паркі мен спорт алаңшалары жылға жетпей бүлінді. Темірден жасалған сырғанайтын фигуралар бір бірінен ажырап, айқыш-ұйқыш болып қалған. Ал ағаштан соғылған қорғаныш қоршаудың шарбақтары сынып жатыр. Бетондар бұзылып, алаңды арам шөп басып барады. Жарық шамдары сынған. Бұл жастардың скейтбордпен шұғылдануына жағдай жасалған жалғыз орын. Ал скейт парктің жанындағы баскетбол алаңы мүлдем аянышты хәлде.

Александр Иванов, әуесқой скейтбордшы:

Қар мен жаңбырдан соң темірлерді бекіткен бұрандалы шегелердің 90 пайыздайы шіріп, бастары босап қалды. Соның салдарынан қаңылтырлар қаңқадан ажырап, солқылдап тұр. Сырғанып келе жатқанда осындай кедергілерге сүрініп, жиі құлаймыз. Ал тәжірибесі жоқтар тіптен етпеттеп жығылып жатады.

Скейт парк «Қайырымды қала» қоры, әкімдік және оны салған мердігер компанияның үшжақты келісім негізінде жасалған болатын. Нысанның кепілдік мерзімі әлі аяқталмаған. Жергілікті билік осыны пайдаланып, мердігер компания есебінен ақауларды жөндетіп алуды көздеп отыр.

Жарылқасын Мәшбек, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда мұның кепілдік мерзімі бір жыл болып табылады. Ол мерзім өтпеді. Біз мердігер мекемеге сотқа дейінгі талап арызымызды жолдадық.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу