Лондонда 17 мемлекеттің мәдениетін паш еткен ауқымды шара өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лондонда 17 мемлекеттің мәдениетін паш еткен ауқымды шара өтті

21.05.2024

Лондонда 17 мемлекеттің мәдениетін паш еткен ауқымды шара өтті. Ұлттық киімді дәріптген сән көрсетіліміне еліміздің атынан ақтөбелік дизайнер қатысып, шетелдіктерді тәнтті етті.

Cабина Наурызалина 15 жылдан бері ұлттық киім тігіп келеді. Өз өнімдерін 2 чемоданға салып, Ақтөбеден Лондонға жалғыз келген. Қолмен кестелеп тігілген әр көйлегінің салмағы әжептәуір. Қалыңдық сәукелесінің өзі 6 келі тартады.

Сабина Наурызалина, дизайнер: 
Батыс Қазақстандық ұлттық киімдердің басты ерекшелігі, әлбетте, оюларында. Әр костюмге сәйкес келетін сырға-шашбау сияқты әшекей бұйымдарын да қостық.

Чехия, Мексика, Үндістан және де басқа елдердің өкілдері жаһандану заманында бірегейлікті сақтап, ұлт құндылықтарын ұлықтау маңызды, дейді. Сахнаға Қазақстанның қыз-келіншектері үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киіп шыққанда көрерменнің қошеметі толастамады.

Тайво Мегоума, сән сарапшысы: 
 Қазақ халқынан үйренеріміз көп екен. Ұлттық киімдеріңізді әлем астанасында паш ете отырып, елдеріңізге саяхатттауға деген қызығушылығымыз оянды.

«Лондонның жас дипломаттары» атты еріктілер тобы ұйымдастырған көрсетілімнен түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Шараны жыл сайын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу