Президент ШЫҰ Сыртқы істер министрлерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ШЫҰ Сыртқы істер министрлерімен кездесті

21.05.2024

Ауа райының аса құбылмалы болуы әлемдегі басты проблемалардың біріне айналып келеді. Осыған байланысты Шанхай Ынтымақтастық ұйымы табиғат апаттарымен күресу ісіндегі тәсілдерін жаңартуы қажет. Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлерімен кездесу өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент ұйым елдеріне қатер төндіріп отырған негізгі мәселелерді атап, қай салада күш біріктіру керектігіне де тоқталды.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы 2001 жылы құрылған. Бүгінде оған Еуразия құрлығындағы 10 мемлекет мүше. Бұл елдерде жаһан халқының жартысына жуығы тұрады. Сондай-ақ әлемдік жалпы ішкі өнімнің төрттен бірі және сауда-саттықтың 15 пайызы осы мемлекеттерге тиесілі. Төрағалық міндеті биыл біздің елде. Ұйымның әлеуетін одан әрі арттыру үшін Қазақстан бар күш-жігерін жұмсайды, -  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің бастамамызбен 2024 жыл Шанхай Ынтымақтастық Ұйымында Экология жылы болып жарияланды. Қазақстан Үкіметі энергетика, көлік және мәдениет салаларында қосымша бірқатар айтулы шараға дайындық жұмыстарын жалғастыруда. Әрине, ұйымның алдағы Астана саммитіне баса назар аударамыз. 20-дан астам құжат мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынылды.

 Қазір әлемнің әр жерінде соғыс оты өршіп түр. Осы ретте Президент бүкіл адамзат үшін бейбіт және үйлесімді даму мен құндылықтарды бірінші орынға шығаратын уақыт келді деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сондықтан Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын әзірлеуді ұсынды. Осы құжаттың, сондай-ақ алдағы саммит барысында ұйымының Астана декларациясының қабылдануы, біздің көзқарасымыз бойынша, әлемнің түрлі өңірлеріндегі қақтығыстарды реттеу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруге ықпал етеді.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше «үш зұлым күшке» қарсы күрес басты назарда болуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі сіздермен келісілген ынтымақтастық бағдарламасы бұл бағытта жасалған нақты қадам саналады. Өз кезегінде ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы бойынша жұмыстың аяқталуы, терроризмді қаржыландыру арналарын бұғаттауды қоса алғанда, есірткі қаупіне қарсы күресу үшін өзара қабылданып жатқан шараларды күшейте түседі.

Президент ұйым елдерін табиғи апатпен күресті күшейтуге шақырды. Осы көктемде Қазақстан алапат тасқыннан үлкен шығынға ұшырады.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Табиғат апаттарымен күресу ісіндегі тәсілдерін жаңартуы қажет. Биыл көктемде біздің еліміз климат өзгерістерінің кері әсерін анық сезінді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстандағы алапат су тасқыны кезінде тілеулестік танытып, көмек көрсеткені үшін сіздердің елдеріңізге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Біз бұл қолдауды жоғары бағалаймыз.

Мемлекет басшысы ұйымның алдағы Астана саммиті «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» деген атаумен өтетінін жеткізді. Осы орайда белсенді жұмыс атқарғаны үшін сыртқы істер министрлеріне алғыс айтты.

Шерхан Жамбылұлы 

Хабарламаларға жазылу