Биылғы оқу жылын 3,8 млн бала аяқтағалы отыр. 186 мың оқушыға соңғы қоңырау соғылады. 7,7 мың түлек «Алтын белгі» белгісіне үміткер. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін 9 мемлекеттік орган бірлесіп, республикалық және өңірлік штабтар құрылды. Бұл туралы бүгін Үкіметте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндады. Бұдан бөлек, оқу жылының аяқталуы туралы да оң ақпараттар бар екен.
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі яғни, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының 3,5 мыңнан астам оқушысы аралық және қорытынды емтихандардан босатылады. Қорытынды баға жылдық негізінде қойылады. Қашықтан оқыған 2,6 мың мектептің 832 мың оқушысы үшін «Жазғы мектеп» ұйымдастырылады. Ал, 2 млн 900 мың бала жазғы демалысты 10 мыңға жуық демалыс орталығында өткізеді.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:Су тасқынынан зардап шеккен өңірлер балаларының демалысы ерекше назарда. Бүгінгі күні 614 бала демалыспен қамтылды. Қазіргі уақытта 628 бала демалуда. Алдағы уақытта 3 883 бала сауықтыру көзделген.
Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне толық кепілдік берілуі тиіс екендігіне екпін түсіріп, бұған дейін анықталған олқылықтарды айтты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, балалардың жазғы демалысы мен оларды еңбекке баулу барлық жерде бірдей тиісті деңгейде ұйымдастырылмайды, жұмыс көбінесе есеп беру үшін атүсті жүргізіледі. Танымдық және мазмұнды іс-шаралар аз. Олардың сапасы нашар, балалардың қызығушылығы мен бейімін ескермейді. Қауіпсіздік және санитариялық талаптар бойынша шешілмеген мәселелер бар. Бұл проблемаларды 1 маусымға қарай шешу керек.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Жалпы 2026 жылдың соңына дейін 50 балалар сауықтыру лагері құрылып, инновациялық шығармашылыққа арналған 100 орталық салынбақ.
Азамат Бейбітұлы