Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Түркия тауар айналымын 10 млрд долларға ұлғайтуға мүдделі

Қазақстан мен Түркия тауар айналымын 10 млрд долларға ұлғайтуға мүдделі

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-саттық көлемі 6 млрд долларға жетті. Екі ел тауар айналымын 10 млрд долларға ұлғайтуға мүдделі. Бұл туралы бүгін Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушты қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Түркия - бүгінде Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Әрі басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Кездесуде тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын күшейту жөнінде пікір алмасты.

Сонымен бірге Президент парламенттік дипломатияның әлеуетін жоғары бағалады. Ал Нуман Куртулмуш өз кезегінде атажұртта түрік делегациясына көрсетілген сый-құрмет үшін ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сапарыңыздың мән-мағынасы жоғары. Ерекше деп айтуға болады. Бүгінгі кездесу достық және ынтымақтастық туралы келісімнің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Мұның зор символдық мәні бар. Жақында ғана әріптесім Режеп беймен телефон арқылы сөйлестім. Үнемі хабарласып отырамыз. Сондықтан біздің арамыздағы диалог өте жақсы дамып келе жатыр.
Нуман Куртулмуш, Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы:
Қазақстан – біздің атажұртымыз әрі түркі халқына ортақ рухани тұлға Қожа Ахмет Ясауидің отаны. Біз Түркістан қаласына жол жүріп, қасиетті орындарға зиярат етеміз және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінде конференция өткіземіз. Алдағы уақытта Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенімдімін. 

Айя Мүтәлі

Автор
Айя Мүтәлі
Бөлісу