«Ұлы дала жорығы 2024» марафон-бәйгесі басталды. Биылғы аламан Павлодар облысынан бастау алып, елордада аяқталады. Биылғы шара қазақтың көрнекті геолог-ғалымы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналып отыр. Жорық бағдарламасына сәйкес, бірінші кезеңнің мәресі Екібастұз маңында аяқталды. Бәсекенің басы-қасында жүрген әріптесіміз Фархат Қаналы толығырақ баяндайды.
Биылғы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінде еліміздің 18 аймағынан келген 90-ға жуық шабандоз бақ сынап жатыр. Әр өңірдің іріктеуінен іркілмей өткен үздіктер Павлодар облысынан Астана қаласына дейінгі 500 шақырымдық жолды 5 күнде шауып өтуі тиіс. Солардың арасында былтырғы жорықтың жеңімпазы Жетісу облысының жігіттері де бар.
Алғашқы күні жарысқа қатысушылар мандаттық комиссияның тексерісінен өтті. Келесі күні таң атысымен тұлпар тізгіндіген шабандоздар Астанаға қарай аттанып кетті. Алғашқы меже - 100 шақырым. Дегенмен күн райы спортшыларға кедергісін келтірді. Соған қарамастан өзгелерден оқ бойы озық келген Шығыс Қазақстан облысының жігітері бірінші күннің жеңімпазы атанды.
Екінші болып мәре сызығын Маңғыстау облысы қиса, Солтүстік Қазақстан жігіттері үздік үштікті түйіндеді.
Фархат Қаналы, тілші:
Ұлы дала жорығы марафон бәйгесінің алғашқы 100 шақырымдағы жеңімпазы белгілі. Дегенмен бірінші күннен-ақ Алматы, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының шабандоздары жарысты осы жерден тоқтатты.
Фархат Қаналы