Кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесінің бұзылуына жол берілмейді. Қазір бизнесті қорғау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, - дейді Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы. Осы орайда агенттік, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен өзара ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малахов қазір бизнесті қорғау бойынша жұмыстың нәтижелі екенін айтады. Мәселен, қылмыстық істерді жаппай тіркеу алынып тасталған. Оның үлесі 40%-ға төмендеген. Істердің 80%-дан астамы электронды форматта тіркеледі.
Дмитрий Малахов, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы:Қылмыстық істер бойынша кәсіпкерлерді шақыру үрдісіне келісу алгоритмі енгізілді. Соның арқасында кәсіпкерлерді куәгер ретінде шақыру саны 40%-ға төмендеді. Нәпақасын адалынан тауып жүрген бизнес иелерінің құқықтары жан-жақты қорғалады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов кәсіпкерлерді қылмыстық процеске тарту уақыт пен материалдық шығындарға алып келеді, - дейді.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП төрағасы:Заң жобасын әзірлеу кезінде агенттік біздің ұсыныстарымызды қолдады. Бұл көлеңкелі экономиканың өсуіне жол бермей, мемлекет пен бизнес мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік беретініне сенім мол.Сондықтан бүгінгі кездесудің маңызы зор деп есептеймін.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров басты мақсат бизнеске кедергі келтірмеу, барынша қолдау екенін атап өтті. Кездесу соңында тараптар кәсіпкерлердің құқықтары мен бизнес субъектілерін қылмыстық қудалаудан қорғауға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойды.
Қуан Нұрақын