«Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасының құрылымы қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасының құрылымы қаралды

17.05.2024

Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосуда Кеңес бақылауға алған бірқатар стратегиялық және сараптамалық құжаттардың әзірленуі мен жүзеге асуының барысы талқыланды. Отырыста лудоманияға қарсы іс-қимыл аясында заң шығару және нақты жұмысты үйлестіру қажеттігі аталып өтті. Кеңес мүшелері мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын дәйекті және жүйелі түрде ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар берді. Сондай-ақ жиында 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Бұдан бөлек, басқосуда 2024 жылға арналған «Қазақстан жастары» атты жыл сайынғы ұлттық баяндаманың құрылымы қаралды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмасына сәйкес тиісті мемлекеттік органдар заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға тосқауыл қою үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Президент осы бағытта кешенді жоспар түзуді тапсырды. Бұл жастар саясаты жөніндегі кеңес үшін жақсы мүмкіндік. Жан-жақты талқылау өткізіп, құжатта ең маңызды мәселерді қамту қажет.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу