Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында 90 үйдің іргетасы қаланып жатыр. Тұрғындардың басым бөлігі аудан орталығындағы эвакуациялық орталықтан ауылына оралды. Айта кетейік тасқыннан өңірдегі жол мен көпірді су бұзып 10 елдімекен қатынассыз қалған болатын. Ардақ Мұратқызы тірлігі қайта жанданған ауыл тұрғындарымен тілдесіп қайтты.
Ардақ Мұратқызы, тілші:Мінекей, облыс орталығынан 300 шақырым жол жүріп су басқан Қаратөбе ауданының Қоржын ауылына келдік. Мұндағы тасқын салдары: қираған үй, бұзылған бөгет, шайылған жол. Электр станциясы да су астында қалды. Жолындағының бәрін жайпаған апат кезінде ауыл тұрғындарының барлығы мына жалғыз мектепке эвакуацияланды. Яғни, осы білім ошағын паналап, аман қалды.
Сай-саладан келген су мен Жақсыбай өзені тасып, Қоржын ауылы аралда қалды. 120 үйдің түгелге жуығын су басты. Бастапқыда 500-ден аса адам мектеп ғимаратын паналады. Кейін құтқарушылар екі тікұшақпен тұрғындарды 40 шақырым жердегі аудан орталығы - Қаратөбедегі эвакуациялық орталыққа көшірді. Енді міне, су кетіп, күн жылынған соң, ауылдарына оралды.
Қобыланды Жұмағалиевтің бүкіл өмірі осы қара шаңырақта өткен. Бала өсірді, немере сүйді. Енді міне, амал жоқ, үйін бұзып алып жатыр. Өйткені, жаңа баспана алу үшін ескі қонысының жерін мемлекетке тапсыруы тиіс.
Қобыланды Жұмағалиев, Қоржын ауылының тұрғыны:Мына ескі үйді өзім бұзамын. Материалын аламын. Малға пана жасаймын. Себебі қора, міне. Пайдаға асатын ештеңе қалған жоқ. Енді жаңа үй берейін деп жатыр. Ризамын. Неге риза болмаймын, 22 млн-ға үй салып береді деді. Ішінде ваннасы, әжетханасы, бәрі бар.
Ауылдағы 120 үйдің 90-ы тұруға жарамсыз деп танылды. Орнына жаңа үй салынады. Тағы он шақты үй иесіне баспанасын жөндеу үшін қаражат бөлінеді.
Әділбек Тұрмағамбетов, Қоржын ауылының тұрғыны:Су келгенде бәріміз сасып қалдық. Мен екі баламды осы терезеден мектепке қайықпен тасыдым. Қазір Үкімет көмектесеміз деп жатыр.
Қазір төрт мердігер кәсіпорын жаңа қоныстың орнына қазық қағып, іргетасын қалауға кірісті. Құрылысшыларға материалды тасу үшін жолдың су басқаны, ауылдың шалғайда орналасқаны, ауа райының қолайсыздығы қиындық тудырып тұр. Елдімекендегі су басқан электр станциясы жөнделді. Ауылда 300-ге жуық мал шығыны өтелді. Қазір мүлік шығыны бағаланып жатыр.
Асхат Тойшыбаев,Аққозы ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы:90 үй салу жоспарланып жатыр. Оның 72-сі осы белгіленген жеріміз бар, геодезистер келіп тексерді. Биік жер, бір метр биікте орналасқан ауылдан. Осы жерге 72 тұрғын үй салынады. Ал 18-і өз орнынан салынады.
Тасқын кезінде ауданда 10 елдімекен қатынассыз қалған еді. Қазір жолдар қалпына келтірілді. Қаратөбеліктер президентпен кездескенде ауданға көпір мен жол салып беру туралы өтініш айтқан еді. Жауапты мамандар құрылыс нысандарының жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып жатқанын жеткізді.
Ардақ Мұратқызы