Алматы облысы Ұзынағаш ауылында 100-ден астам шаңырақ кәріз суының иісіне тұншығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында 100-ден астам шаңырақ кәріз суының иісіне тұншығып отыр

17.05.2024

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында 100-ден астам шаңырақ кәріз суының иісіне тұншығып отыр. Елдімекеннен 500 метрде орналасқан тоғаннан аққан лас су, ауыл көшелеріне де жеткен.

Ұзынағаштықтар іргеде жатқан кәріз қалдықтары жиналатын орыннан тараған жағымсыз иістен әбден мезі болған. Тіпті кәріз қалдықтары құйылатын тоған жарылып, лас су ауыл көшелеріне де жеткен. Ауыл орталық су жүйесіне қосылмаған, тұрғындар 10 метр жерді қазып су ішіп отыр. Ал жиналған кәріз суы жер астымен өтіп ауыл маңындағы өзенге де қосылып жатыр, дейді жұрт.

Алмасбек Қастер, ауыл тұрғыны:

Мына су өзенге қосылып жатыр. Өзенді малдар ішеді, жаздыгүні балалар қой дегенге болмай бәрі суға шомылады. Мынадан неше түрлі ауру тарауы мүмкін, содан қорқып отыр ауыл тұрғындары.

Ал санитар дәрігерлер тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ, жағдай бақылауымызда, дейді.

Контстантин Пичкунов, Жамбыл аудандық Санитарлық эпидемиологиялық бақылау орталығының басшысы:

Тұрғындардың наразылығы орынды. Кәріз суы жайдақ, ашық жатыр, түрлі дерт таралуы мүмкін. Ал бүгінге дейін тұрғындар тарапынан шағым түсіп, инфекциялық аурулар тіркелмеді. Сондай-ақ, қазір бұл тоғандарды арнайы қоршауға аламыз, судан сынама алынды, енді арнайы тексеруге жібереміз. Қаншалықты қауіпті екенін анықтаймыз.

Айдана Қуантхан, тілші:

Қолаңса иіске әбден тұншыққан тұрғындар, жазда есік-терезе ашу мүмкін емес, дейді. Ал жауаптылар ұзақ жылдан бері тұрған кәріз қалдықтарын тастайтын орынның әбден ескіргенін мойындап отыр. Тіпті көктемде мына тоған толып кетіпті. Қазір жанынан екінші бассейн қазылып жатыр.

Қазір осы бір ауылда кәріз қалдығын жинайтын 20-дан астам орын бар.

Қайсар Әпсейітов, Жамбыл ауданы ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Ақпан айында жауын-шашын көп болуына байланысты, төтенше жағдай жариялап, осы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күнде осы Ұзынағаш ауылы бойынша 32 мектеп, заңды тұлғалар қосылған, 3800 аулалар қосылған және қосымша ассинезаторлар келіп тасиды, түсіреді күнде. Енді бұл аудан орталығы болғандықтан, бұдан басқа апарып құятын жер жоқ. Бұл өзі сүзгі алаңы, технологиясы сондай.

Ал кәріз суын төгу үшін Алматы-Бішкек тас жолының төменгі жағынан 100 гектардан астам жер беріліп, қазынадан 7 млрд теңге бөлінген. 2026 жылы кәріз жүйесін Ұзынағаш іргесінен көшіру қолға алынады, дейді мамандар.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу