«Оңтүстіктен Солтүстікке» бағдарламасына қатысуға ниетті қызылордалықтардың қатары көбейіді. Осы кезге дейін теріскейге 400-ге жуық отбасы қоныс аударған. Сыр өңіріне тағы 4 облыстың өкілдері барып, жергілікті тұрғындарға 3500 жұмыс ұсынып отыр.
Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Ұлытау облыстарында қарапайым білім, медицина, мәдениет, спорт саласы бойынша маман тапшы. Ал Оңтүстіктің еңбек нарығында оларға сұраныс аз. Сондықтан, қолында дипломы бар бірақ жұмыссыз жүрген жас отбасыларға қоныс аударып, жағдайын түзеп алуына үлкен мүмкіндік.
Ғабит Жаңабаев, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
Қызылорда облысында жұмыс күші артық. Бізде мысалы жұмыс тапшы. Ал мына Солтүстіктен кеп отырған өңірлер 3500 жуық бос жұмыс орындарын алып келді. Оның 700-і мұғалім 300-дің үстінде мейірбике орындары соның бәріне осы кісілер келіп өзінің ұсыныстарын, көптеген мемлекеттік жеңілдіктер бар.
Мемлекеттік бағдарлама аясында теріскейге көшуге бел буған әрбір отбасы мүшелері жұмыспен қамтылып қана қоймай, түрлі әлеуметтік қолдауға ие болады. Және тұрғын үй сатып алуға да белгілі мөлшерде қаржы беріледі. Міне, осындай артықшылықты әсіресе жастар қалт жібермеуде. Теріскейден ұсынылған бос жұмыс орындарына қызығушылық танытып келгендердің көбі жас мамандар.
Ғазиз Құттымұратов, қала тұрғыны:
Қоныстануға байланысты барғаннан кейін бір жылдық пәтерімді төлеп береді. 1 жылдың ішінде үй алып жатсам үйімнің 50 пайызын төлеп береді. Одан бөлек диплом бойынша мамандығымызбен де жұмыс береміз деп жатыр. Сол Үкіметтің бір несін пайдалансам ба деймін»
«Оңтүстіктен Солтүстікке» бағдарламасы бойынша төрт облыстан келген өкілдер алдағы күндері өңірдің ауыл-аймақтарын да аралап, тұрғындарға теріскейден жұмыс орындарын ұсынады.
Әділбек Серікұлы