Испанияда құрғақшылық су тапшылығына әкелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Испанияда құрғақшылық су тапшылығына әкелді

17.05.2024

Климаттың өзгеруінің зардабын жаһан елдері де тартып жатыр. Испания бұрын-соңды болмаған құрғақшылыққа тап болды. Елдің Каталония аймағы су тапшылығына байланысты төтенше жағдай жариялады. Тұрғындарға, қоғамдық мекемелерге суды барынша үнемдеу міндеттелді. Ережеге бағынбағандар қомақты айыппұл төлейді. Испанияда соңғы үш жылда жауын-шашын 40 пайызға азайған. Қаңтарда қардың орнына +20 градус ыстық болғандықтан өзен-көлдердің суы күрт тартылған. Құрғақшылықтың кесірінен қоймалардағы су деңгейі 16 пайыздан төмен түсіп кеткен. Осыған алаңдаған Каталония аймағының басшылығы төтенше жағдай жариялады.

Пере Арагонес, Каталонияның аймақтық президенті:

Каталония соңғы 100 жылда болмаған құрғақшылықтың зардабын тартып отыр. Бұл климаттың өзгеруінің салдары. Алдағы уақытта құрғақшылық бұдан да күшейеді. Сондықтан, суды пайдалануға шектеу енгіздік.

Суға шектеу Испанияның Солтүстік-Шығысындағы 200-ден астам елді-мекен мен Барселонада енгізілді. Жаңа қаулыға сәйкес, ауыз суды көлік жууға, бассейндерді толтыруға пайдалануға тиым салынды. Саябақтарды да енді тек жерасты суымен суару міндеттелді. Ал, тұрғындар адам басына күніне 200 литр судан артық тұтынбауы тиіс. Ережеге бағынбағандар 3 мың еуроға дейін айыппұл төлейді.

Педро Родригес, Барселона қаласының тұрғыны:

Судың да сұрауы бар екенін енді біліп жатырмыз. Үнемдеу үшін кранға мынадай құрылғы орнаттым. Бір реттік қағаз ыдыстарды пайдаланып, кірді сирек жуатын болдық. Аптасына бір рет қана шомыламыз.

Отельдерде туристерге «»душты тек 4 минут қана пайдаланыңыз»- деген нұсқаулық енгізілді. Қонақ үйлер қазір бассейндерін теңіздің суымен толтыруда. Құдықтарда судың қысымы азайғалы шағын елді-мекен тұрғындары тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр. Фермерлерге мал суаруды 50 пайызға, диқандарға егістік суаруды 80 пайызға қысқарту жүктелді. Құрғақшылық ауылшаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына әкелді.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу