Еліміз бойынша ҰБТ басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміз бойынша ҰБТ басталды

16.05.2024

Бүгін Ұлттық бірыңғай тест басталды. 180 мыңнан аса жас түлек бұл сынақтан өтуге өтініш білдірген. Ал, су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған 6 өңірдің түлектеріне тест 25 мамырда басталады. 
Самал Қабышева, тілші:
Бұрын Ұлттық бірыңғай тестілеуге кірген-шыққан түлектердің басым бөлігі үрей құшағында болатын. Сыртта баласының тілеуін тілеп ата-аналары жүретін. Қазір ондай атмосфера жоқ. Бүгін тест тапсыруға келген түлектердің бойынан еркіндікті сездік. Еркін формадағы 11 сынып оқушылары тексеруден де кедергісіз өтіп жатты.
Ал, су тасқынынан зардап шеккен 6 өңірдің түлектеріне Ұлттық бірыңғай тестілеу 25 мамырдан басталады. Олар, бұл сынақты 12 шілдеге дейін тапсырады. Жалпы, биыл білім грантының саны артқан. Су тасқыны болған өңір түлектері үшін арнайы гранттар беріледі.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Былтыр республика бойынша 88 мың грант берілсе, биыл 93 мың грант бөлінеді. 5 мыңға гранттың саны өсті. Осы жылдың ерекшелігі, су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы 20 пайыздан бөлек квота гранттар беріп отырмыз.
Самал Қабышева, тілші:
Бастысы биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде өзгеріс жоқ. Түлекке тесті тапсыруға әдеттегідей 4 сағат беріледі. 120 сұрақ. Жоғарғы балл - 140. Ол да өзгеріссіз қалды. Ал, жоғары оқу орнына түсу үшін кемінде 50 балл жинау керек. Түлектер тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады.
Болатбек Абдрасилов,  Ұлттық тестілеу орталығының директоры:
Соңғы жылдары аппеляцияның саны төмендеді. Былтырғымен салыстырғанда, биыл қаңтарда болған наурыз айында болған тестілеудің кезінде өте аз болды аппеляция.
Самал Қабышева, тілші:
Бүгін Қазақстан бойынша мың сегіз жүзден аса 11 сынып оқушысы Ұлттық бірыңғай тест тапсырды. Екі оқушы ең жоғары - 132 балл жинады. Олар Маңғыстау мен Түркістан облыстарының түлектері.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу