Президент Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады

16.05.2024

Орталық Азия елдерінің басшылары тамызда Астанада кездеседі. Мұны бүгін қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдаған мемлекет басшысы мәлім етті. Орталық Азия елдері қай бағытта болсын бірлесе жұмыс істеуі керек. Себебі жаһан алпауыттарын белгілі ел емес аймақтың тұтас нарығы қызықтырады. Біз бұл мүмкіндікті барынша пайдалануымыз керек, деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы мемлекетаралық саяси диологтың әлеуетіне тоқталды. Өңір елдері арасындағы өзара сауда-экономикалық ықпалдастық белсенді түрде кеңеюде. Соңғы бес жылда өңірішілік сауда-саттық көрсеткіші 80 пайыздан астам артып, 10 миллиард доллардан асқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Аймақтық ірі жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын да өзгертеді. Көлік-логистика әлеуетінің еселенуі өңірдің қарқынды дамуы үшін берік негіз болады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар жанданып, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қатынастардың одан әрі нығая түсуіне ықпал етеді.

Бүгінде заманауи сын-қатерлердің көбі трансшекаралық сипатқа ие. Сондықтан оларға қарсы тұру үшін күш-жігер біріктіру қажет. Қауіпсіздік кеңесінің негізгі мүддесі де осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл жерде ең әуелі, халықаралық экстремизм мен терроризмге, есірткі тасымалына, қару-жарақ саудасына қарсы күрес туралы сөз болып отыр. Осы орайда Ауғанстанға баса мән беруіміз керек. Бұл елде күрделі әрі түрлі бағыттағы процестер жүріп жатыр. Онда белгілі бір деңгейде тұрақтану, экономикалық жағдайдың жандану белгілері бар екенін мойындау қажет. Екінші жағынан, халықаралық террористік ұйымдардың белсенділігіне байланысты қауіп-қатердің жоғары деңгейі сақталып отыр. Сондықтан Ауғанстанды өңірлік байланыстарға белсенді тарту – дәл қазіргі кездегі стратегиялық міндеттердің бірі.

Тамызда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуі өтеді. Бүгінгі басқосу сол жиынға дайындықтың тарихи кезеңі саналады.

Виктор Махмудов, Өзбекстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:
Қазақстанның көтеріп отырған ұсыныстарын толық қолдаймыз. Өзіңіз айтқандау су Орталық Азия елдерін араздастыратын емес біріктіретін бастама болуы тиіс. Аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігі, көлік қатынасы мен транзиттік әлеуетті арттыру жұмыстары барлық ел үшін аса маңызды мәселе.

Қазір әлем елдері осы 5 елдің нарығына кіру үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Соңғы жылдары «Орталық Азия +» форматы ерекше сұранысқа ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мүмкіндікті бірлесе пайдалануымыз керек екенін айтты.

Насрулло Махмудзода, Тәжікстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:
Біз қауіпсіздік кеңесінің жаңа жұмыс форматын қолдаймыз. Сіздің бастамаңызбен іске асатын тұрақты кездесулерде өзекті проблемаларды ашық талқылауға дайынбыз. Бұл елдеріміз арасындағы достық байланысты нығайта түсетініне сенімдімін.

Аймақтағы елдерді бір-біріне қарсы қоюға және оларды араздастыруға тырысушы бөгде күштер де жоқ емес. Мұндай жағдайда мызғымас достық пен өзара сенімділіктің маңызы ерекше.

Марат Иманкулов, Қырғызстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:
Біз барлық саладағы қауіпсіздік пен тұрақтылық бағытында жұмыс істейміз. Сондықтан аймағымыз бен халқымызды алаңдатан мәселелердің шешу жолдарын талқылайтын осындай алаң керегі анық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кездесудің қорытындысы Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Оңғар Алпысбайұлы 


Хабарламаларға жазылу