Қазақстан-Қытай: Сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Қытай: Сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке жетті

16.05.2024

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 40 млрд долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ендігі мақсат сауда-саттық көлемін 100 млрд долларға жеткізу. Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Лю Гочжунды қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Әңгімелесу барысында қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин қол жеткізген келісімдердің іске асырылу барысы талқыланды. Ал, Лю Гочжун Қытай мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі. Екіжақты қарым-қатынасты мүлде жаңа деңгейге көтеру еліміз үшін аса маңызды. Сондықтан Қазақстан Қытаймен жан-жақты стратегиялық серіктестік пен достықты әрі қарай дамытуға мүдделі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 40 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Біз мұны 100 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз.
Лю Гочжун ,ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары:
Сіз осы жылдар ішінде Қытай мен Қазақстан қатынасының дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Мұны Қытай тарапы жоғары бағалайды. Сіздің басшылығыңызбен еліңіз қуатты, гүлденген Жаңа Қазақстанды құру жолында ілгерілей беретініне сенімдімін. Қытай мен Қазақстан – тату көршілер және сенімді серіктестер.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу