Басты Жаңалықтар Ырғыз ауданында салынатын бір үйдің бағасы - 27 млн теңге

Ырғыз ауданында салынатын бір үйдің бағасы - 27 млн теңге

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында салынатын үйлердің бағасы 27 миллион теңге болады. Бұл жайында тұрғындармен кездесуде белгілі болды.

Ауданға арнайы барған Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, тасқыннан зардап шеккен Нұра ауылының тұрғындармен кездесті. Қоғамдық штаб өкілдері де қатысқан жиында салынатын үйлердің орнын белгілеу сөз болды. Бұған дейін Сарыоба деген жер таңдалған еді. Дегенмен, нақты шешім енді белгілі болады. Қазір мердігерлермен келіссөз жүріп жатыр. Нұра ауылы жырақта орналасқандықтан, үй құрылысы біраз қымбатқа шығады.

Ержан Мұздыбаев, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
Ол ауылға 2,5 сағат жүрдік. Ауыр техникаларды есептей беріңіз, таңертең шықса, кешке жетеді. Бұл жерде міндетті түрде керпіш тасылады, фундаментке блок тасылады. Одан бөлек үй салынатын жерде электр желісі бар.

Нұра мен Жайсаңбай ауылдарының тұрғындары қазір аудан орталығындағы эвакуациялық пунктті паналап отыр. Бүгін оларға Қызылорда облысынан 40 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Қызылордалықтар жақсы ырымға балап, бесікке дейін салып жіберіпті. Одан бөлек сырдың ақ күріші мен басқа да азық-түлік түрлері, гигиеналық заттар бар. Өңірге келген Әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшелері облыс орталығында да кездесулер өткізеді.

Гауһар Тасбергенова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:
Халықпен кездестік. Әкімдік өкілдерімен де сөйлестік. Бізді баспанасынан айырылған тұрғындардың жағдайы алаңдатады. Шығын көлемі үлкен. Алдағы бірнеше ай ішінде олар жаңа үйлерге көшіп үлгеруі тиіс.

Жақсыбек Кемал


Бөлісу