Үкімет басшысы Ақмола облысындағы егіс алқаптарын аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы Ақмола облысындағы егіс алқаптарын аралады

15.05.2024

Отандық өнім шетелде де бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Ол үшін шаруаларға барынша қолдау көрсету қажет. Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов осылай деді. Премьер-министр аймақтағы көктемгі егін егу жұмыстарымен танысып, диқандармен кездесті. 

Премьер-министр ең алдымен егіс алқаптарын аралады. Қазір мұнда қарбалас. Көктемгі дала жұмыстары басталып, 510 мың гектар аумаққа егін егілді. Биыл облысқа 83 мың тонна дизель отыны бөлінген. Жанар-жағармай қоры жеткілікті. Ал шаруаларды жеңілдетілген несиемен, субсидиялаумен барынша қамтамасыз ету керек.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: 
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл біз агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемін ұлғайттық. Былтыр шаруаларға қиын болды. Осы жылы 580 миллиард теңге бөлінді. 376 мың тонна дизель отынын да беріп жатырмыз.

Бұдан кейін Үкімет басшысы Макинск қаласындағы жылу оқшаулау зауытына барып, өндіріспен танысты. Кәсіпорын жылына 34 мың тоннаға дейін өнім шығарады. Зауыттың қуатын тағы 1,5 есеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Олжас Бектенов аймақтағы құс фабрикасына да барды.

Ришат Раисов, «Макинск құс фабрикасы» серіктестігінің бас директоры: 
Біздің кәсіпорын өнімдердің қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына үлкен көңіл бөледі. Бұл бағытта біраз жұмыс атқарамыз. Фабрика салқындатылған, мұздатылған және маринадтталған жартылай өнімдердің 70 түрін шығарады.

Биыл Үкімет жылыту маусымына әзірден қамданып жатыр. Көкшетаудағы екі жылу қазандығын жөндеуге 816 миллион теңге бөлініп, жылу жүйелеріндегі ақаулар жөнделеді. Үкімет басшысы қазандықтардың жағдайын да көріп шықты.

 Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: 
Қолдан келгенше барлығын жасаймыз. Қаражат бөлінді. Сапалы әрі үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету-біздің басты міндеттеріміздің бірі.

 Сондай-ақ Премьер-министр қаладағы кірпіш зауыты мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін кәсіпорынның жұмысымен де танысты.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу