Премьер-министр: Қазақстанда туризмді дамыту үшін жағдай жасалмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-министр: Қазақстанда туризмді дамыту үшін жағдай жасалмай отыр

14.05.2024

Қазақстанда туризмді дамыту үшін жағдай жасалмай отыр. Бұл министрлік пен жергілікті әкімдіктердің салғырттығы. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осындай сын айтты. Қызмет көрсету сапасы төмен, баға шарықтап тұр. Туристік аймақтарға апаратын жол да нашар. Қысқасы, инфрақұрылым жоқ. Оңғар Алпысбайұлы толықтырады.

Қазақстанда туризмнің қай бағытын да дамытуға мүмкіндік бар. Белсенді демалыс, емдік-сауықтыру, мәдени, зиярат ету және тарихи орын жетерлік. Оған құйылып жатқан инвестиция да аз емес. Былтыр кәсіпкерлер 787 млрд теңге салған. Мемлекет тарапынан да қолдау жетерлік.

Ермек Маржықпаев,ҚР Туризм және спорт министрі:
2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдер көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 8 есе ұлғайды, осылайша жалпы сомасы 800 млн теңгеден астам өтінімдер мақұлданды. Бұл жобаларға инвестициялалардың жалпы көлемі 5 млрд теңгеден асты.

Бірақ бұған қарамастан биыл кейбір өңірде теріс динамика байқалған. Атырау, Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Ақмола және Батыс Қазақстан облысына тартылған қаржы азайып кеткен.

Олжас Бектенов ҚР Премьер-министрі:
Елімізде көздің жауын алатын көрікті жерлер көп. Бірақ оларға жетудің өзі бір мұң. Қазіргі жағдайдың өзгеретін түрі байқалмайды. Мысалы шығыс Қазақстанды немесе Балхаш пен Алакөлді алып қарайтын болсақ не сапалы жол жоқ. Не аялдайтын арнайы тұрақтар мен кемпингтер қаралмаған. Туристер күйі кеткен қонақ үйлер мен санитариялық талаптарға сай келмейтін қолайсыз жағдайларға мойынсұнуға мәжбүр.

Себебі - туристе таңдау, салада бәсеке жоқ. Бұған, Ермек Маржықбаевтың келтірген мәліметі дәлел.

Былтыр елімізге 9 млн 200 мың адам қыдырып келген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Ішкі туризмнің де көрсеткіші жаман емес. Өзге өңірлерге саяхат жасайтын отандастарымыздың саны 1 жылда 1 миллионға артқан.

Туристік әлеуетті толық пайдалануға қолбайлау болып отырған тағы бір мәселе – баға. Жергілікті тұрғындар Қазақстанда саяхат жасау өте қымбат екенін айтады.

Ал шетелден турист келе қалса, оны әуежайдан алдымен такси жүргізушілері қарсы алады. Олардың көксегені жолаушыны діттеген жеріне жеткізу емес, көбірек ақшасын алып қалу, - дейді Премьер-министр. Сондықтан қала ішіндегі қоғамдық көліктің санын арттырып, пойыз бен қалааралық ұшақтың билетін қолжетімді етуді тапсырды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу