Атырау облысында 9 ауылға тасқын қаупі төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында 9 ауылға тасқын қаупі төніп тұр

14.05.2024

Атырау облысында 9 елдімекенге тасқын қаупі төніп тұр. Индер, Махамбет аудандарында су деңгейі 2 метрге дейін көтеріліп, жағаға келіп тірелді. Әсіресе Талдыкөл ауылында жағдай қиын. 900-ден аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Жайық өзені ернеуінен асып, қазір сай-салаға жайылып жатыр. Ағысы қатты нөпір су ырық берер емес. Міне көріп тұрсыздар газ қондырғысы да су астында қалған.
Махамбет ауданына қарасты 1 200-ден аса тұрғыны бар Талдыкөл ауылы су қоршауында тұр. Ауылға тек «Атырау-Орал» тас жолы арқылы ғана қатынауға болады. Қазір әскерилер елдімекен маңындағы бөгеттерді нығайтып жатыр.
Сапарбек Меңліқұлов, 35748 әскери бөлімінің батальон командирі:
Бөгет құру жұмыстарынан бөлек, түнгі уақыттарда әскери қызметшілер жағдайды бақылау мақсатында патрульдік қызметке шығады.

Ауылға су ойысқандықтан егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер, науқас жандар мен балалар қауіпсіз жерге көшірілді. 146 адам қаладағы эвакуациялық пункттерге орналастырылды.

Мейрамгүл Сейтімова, Талдыкөл ауылының тұрғыны:
Инспекторлар машинамен хабарлап, біздерді алып шықты. 3 баламмен келдім. Азаматтарымыз ауылды қорғауға қалды.

Қараусыз қалған үйлердің қауіпсіздігін қадағалау үшін ауданнан 30 тәртіп сақшысы мен 7 техника тартылды. Индер ауданында да жағдай тұрақсыз. Су деңгейі 10 метр 41 см-ге жетті. Қазір мамандар қауіпті учаскелерде жұмысты күшейтті.

Бүгін Атырау қаласындағы гидробекетте Жайықтың суы қауіпті деңгейден 3 см-ге асты. 250 шақырымнан астам жаға бекітілді. Қазір тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу