Тасқыннан келген шығын көлемі келесі апта белгілі болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасқыннан келген шығын көлемі келесі апта белгілі болады

14.05.2024

Тасқыннан келген шығын көлемі келесі апта белгілі болады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бұл туралы бүгін Үкіметте баяндады. Оның айтуынша Атырау облысында су тасқынының қауіпті кезеңі әлі алда. Бұдан бөлек Үкіметте өртке қарсы дайындық мәселесі де қаралды. Синоптиктердің болжамына сәйкес биыл жаз өте ыстық болады деп күтіліп отыр.

Тасқынмен күрес мәселесі Үкімет отырысының бүгінгі күн тәртібінде жоқ еді. Алайда Атыраудағы жағдай алаңдатпай қоймады. Сондықтан Премьер-министрдің орынбасары аймақтардағы ахуалды баяндаудан бастады. Қанат Бозымбаевтың айтуынша Атырау облысында су тасқынының қауіпті кезеңі осы апта күтілуде. Өзге сегіз өңірде төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Ақтөбе облысында екі ауыл әлі көлік қатынасынсыз. Үш өңірде 300-ге жуық үй әлі су астында. Қазір 20 мыңнан астам адамға 7,5 миллиард теңгеге бір жолғы көмек көрсетілді. Шығындары да өтеле бастады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
680 отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 362,5 млн теңге сомасында өтемақы алды. 568 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 710 млн теңге сомасында өтемақы алды.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша тасқыннан қираған, бүлінген үйлерді бағалау жалғасып жатыр. Шығын көлемі келесі апта белгілі болады. Ал Премьер-министр тасқын қаупі бар Атыраудағы жағдайды қатаң бақылауда ұстап, шығынды өтеу жұмыстарына өте мұқият болуды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі барлық шаралар белгіленген мерзімде іске асырылуы қажет. Біз зардап шеккен тұрғындардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге оралуын қамтамасыз етуіміз керек.

Тағы бір тілсіз жау - өрт. Синоптиктердің болжауынша биыл жаз өте ыстық болады. Яғни енді өрт болу қауіпі жоғары. Сондықтан Қостанай, Абай облыстарындағы секілді өрттердің алдын алып, тілсіз жауға қарсы тұру үшін дайындық пысықталды. Экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, орманшылардың жағдайы мүшкіл. Қарапайым киім-кешекті айтпағанда техникасы тозған, орман өрт станциялары талапқа сай емес, тіпті өртті бақылайтын мұнаралары әрең тұр.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
Ең нашар жағдай Павлодар, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында.Пайда болған орман өрттеріне шара қолданудың жеделдігі олардың уақтылы анықталуына байланысты.

Десе де министр жағдай бірнеше жылда реттеледі деп отыр. Оның айтуынша өзге де жауапты ведомствалармен бірігіп, өрттің алдын алу үшін 2027 жылға дейін іс-шаралар жоспары бекітілген. Оны іске асыру үшін 68 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл қаражатқа тозған материалдық техникалық база жаңарады. Мыңнан астам трактор, өрт сөндіретін көліктер мен патрульдік машиналар, тағы сонша тіркеме, цистерна сияқты керек жарақ алынады. Өртті бақылайтын мұнаралар салынады.

Тіпті елдегі барлық орманда өртті ерте анықтайтын ақылды жүйелерді орнату көзделген. Әзірге ол бірнеше ұлттық паркте ғана бар. Премьер-министр бұл бағыттағы жұмысты жедедету керек деді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бурабай» ұлттық паркінің аумағында қолданысқа енгізілген Smart-жүйенің арқасында соңғы жылдары ондағы өрт оқиғасы айтарлықтай қысқарды және өртке қарсы шұғыл әрекет ету жұмыстары күшейтілді. Бұл тәжірибені басқа да табиғи парктер мен резерваттарда қолдану керек.

Қазір елімізде өрт жиіледі. Алысқа бармай соңғы екі жылды алайық. 100 мың гектар орманды қызыл жалын күл қылды. Табиғатқа келтірілген залал көлемі 182 миллиард теңге. Жасыл желектің қалпына келуі үшін кемі 20-30 жыл қажет.

Досжан Маратұлы, тілші:
Оның үстіне қаншама құтқарушы, орманшы, тіпті қарапайым тұрғындар тілсіз жаудың құрбаны болды. Бір ғана Абай облысындағы өрттен 14 адамның опат болғаны белгілі. Ал биылдың өзінде елімізде 30 ға жуық орман өрті болған. Сондықтан Үкімет басшысы бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу