Ресейдегі инфляция 8 пайызға жуықтады. Санкция құрсауында қалған елде ұлттық валюта тағы құнсыздануы мүмкін. Сондай-ақ бюджет тапшылығы ұлғайған. Ірі инвесторлар елден кетіп, қазынаға түсетін салық азайды. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
4 айда бюджет тапшылығы жылдық нормадан асып, 2 триллион рубльге жуықтады. Логистиканың бұзылуы, мұнай-газ экспортына шектеулер Ресей экономикасын тығырыққа тіреді.
Константин Николаев, кәсіпкер:
Шектеулердің салдарынан кәсіпорын біраз шығынға батты. Шетелден қажетті техниканы сатып ала алмаймыз, тіпті құрал-саймандарымыз жоқ. Ал жөндеуге өткізейік десек, шетелде қабылдамайды.
Экономикалық шектеулердің салдарынан 110 мың компания жабылып, 5000-нан астам бренд Ресейден біржолата кетіп қалған. Халықаралық ірі банктер де әріптестіктен бас тартты.
Ярослав Кабаков, сарапшы:
Бизнес белгілі бір қолдау, не субсидия болмаса күн көре алмайды. Қазіргі жағдайда оңай емес, дағдарыстан шығудың тетіктерін қарастыруымыз қажет. Дәл осындай жағдай 70 жылдары болған.
«Бір жылда 70 пайызға арзандаған ұлттық валюта алдағы уақытта тағы құнсызданады»,-дейді сарапшылар. Жылдың соңына дейін 90 рубльден саудаланатын бір доллар 120 рубльден сатылуы мүмкін. Ал көрші елдің үкіметі дағдарыспен күресудің кешенді бағдарламасын әзірледі. Ресейде алдағы алты жылда экономикалық өсудің жаңа моделі құрылмақ.
Индира Бегайдар