Қазыналы қарттар Кереку өңірінде бас қосты
Еліміздің қазыналы қарттары Кереку өңірінде бас қосты. Ақсу қаласына қарасты Береке ауылында «Үлкенге құрмет-Тарихқа тағзым» атты шараға Моңғолияның сонау Қобда өңірінен ата жұртым деп келіп, Қазақстанның әр аймағында тұрып жатқан 80-ге тарта қарт жиналды. Бір әулеттің қазығы болған қария ғана емес, бүтін ауылдың ақылшысы болған ақсақалдар бүгін тұтас қазақтың мұңын мұңдап, жоғын түгендей алатын абыз деген атқа лайық екендерін көрсетті. Көпті көрген көне көздер елдік мәселені көтерді, көңілі толмайтын жәйттерге де тоқталды. Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық болмыстан ажырамаудың қаншалықты маңызды екенін жеткізуге тырысты. Жәй сөз емес, мұқтажға демеу болып, көмекке зәру жандарға жақсылық жасамақ ниетпен қор ашып, қол ұшын бермекке уағдаласты. Солтан Жосынбайұлы Моңғолия мемлекетінде бас палуандардың бірі болған. Бірақ қалы кілемге қазақпын деп шығатынмын, дейді ақсақал.
Солтан Жосынбайұлы, еңбек ардагері:
Моңғолиядағы аз ғана қазақтың аты үшін, қазақ деген атым үшін біраз ғана күрескенмін. Лашын, піл деген атақтарды бірінен кейін бірін алғанмын. Бұл жерге келгелі 32 жыл болды. Ешбір жаманшылық көрген жоқпыз. Жастарымыз оқып, береке бірлікте келе жатырмыз. Қазақ деген атымызды,салт-дәстүрімізді ұмытпай жүр деп қана айтамыз жастарға.
Болат Аманбаев
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
