«Қазақмыс» компаниясы Петропавлдың «Солнечный-2» кентінде тасқыннан зардап шеккен азаматтарға арналған 100 үйдің іргетасын қалады. Осыдан 3 апта бұрын «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген қаражатқа 100 баспананың құрылысы басталған еді. Әкімдік мәліметінше, жұмыс 50 пайызға аяқталды. Оған қоса, «Kaspi банк» 300 үй салып бермек. Қазір облыста су тасқынынан бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру, мүлікті бағалау жұмыстары жүріп жатыр.
Су басқан 4 мыңға жуық баспананың 1300-і тексерілді. Ал жұқпалы аурулардың алдын алу үшін көшелер мен нысандарды залалсыздандыру басталды. Ал «СевКазЭнерго» компаниясы тасқыннан зардап шеккен тұтынушыларды коммуналдық төлемнен уақытша босатты. Азаматтарды оңалту мақсатында шипажайларға тегін жолдама беріліп жатыр.
Татьяна Береская, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
Мамырдың 10-ында Щучье қаласындағы шипажайға 10 адам жібердік. Кеше ғана бір топ Алматы қаласына аттанды. Жақын күндері тағы 12 адам жолға шығады. Еліміздегі шипажайларда бос орындар болса, тағы да тізімдер жасақталады.
Эльмира Кәленова