Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккен 40 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккен 40 отбасы баспаналы болды

13.05.2024

Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккен 40 отбасы баспаналы болды. Оның 27-сі Атбасар, қалғаны Көкшетау қаласының тұрғындары. Жалпы өңірде су кірген 1817 үйдің 359-ы апатты деп танылған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, баспанасы қираған өңір тұрғындарының барлығы тамыздың ортасына дейін жөнделген немесе жаңа үйлерге қоныстанады.

Ұмсындық Наурызбаева ,тілші:
Атбасар ауданында қарғын судың астында қалған жүзге жуық баспана тұруға жарамсыз деп танылды. Мәселен Жабай өзеніне жақын орналасқан мына үйлерге қатты екпінмен келген қарғын су кіріп, жолындағыны жайпап кеткен. Сондықтан тасқыннан зардап шеккен халықты жаңа баспаналарға көшіру туралы шешім қабылданды.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың бірі - Гүлзат Кенжетаева баспанаға бірінші болып қол жеткізді. 4 бөлмелі жаңа шаңырағы қаланың қақ ортасында орналасқан. Зейнеткер жер үйді өзім таңдап алдым, - дейді.

Гүлзат Кенжетаева, Атбасар қаласының тұрғыны:
Біз мал ұстаймыз. Сосын жер үй деп тіледік. Жолдасым жер үй аламыз деді.

Ал көпбалалы ана Наталья Заика жаңа үйіне қоныстанып үлгерген. Қазіргі баспанасы бұрынғысынан кем емес. Тұрмысқа қажеттінің барлығы бар.

Наталья Заика, Борисовка ауылының тұрғыны:
Маған пәтер немесе жер үй алсаңыз болады деп ұсыныс тастады. Мен өзім осы баспананы таңдадым. Танысым үй сатып жатыр дегенді естіп, бірден сол кісімен сөйлестім. Арада көп уақыт өтпей-ақ үйімізге көшіп келдік.

Өңірде шығын көлемі әлі де есептеліп жатыр. Бұл жұмыс алдағы екі күнде аяқталмақ. Дүние-мүлкі бүлінгендерге өтемақы толық көлемде төленеді. Ал баспаналары апатты деп танылған тұрғындар жаңа үйлеріне алдағы үш айда қоныстанады.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
Бұланды ауданында 57 үй саламыз. Жарқайыңда үй саламыз. Тағы да басқа біздің өңірлерде Астрахан ауданында осындай зардап шеккендерді баспанамен қамту жұмысы жалғасын тауып отыр.

Қазіргі таңда облыста 1558 отбасы жүз айлық есептік көрсеткіштегі біржолғы әлеуметтік төлем алған. Оларға жалпы 578 миллион теңгеден астам қаражат төленді.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу