Қазақстандық жастарға бүгінде шетелде сұраныс жоғары. Ұл-қыздарымыз әлемнің әр қиырындағы алпауыт компанияларда халықаралық жүйелер негізінде еңбек етіп жүр. Ұлыбритания көлік индустриясына тың жоба енгізіп, әлемдегі ең ірі әуе компаниясынан шақырту алған жастарымызбен әріптесім Ақмаржан Ғафизқызы тілдесті
Қостанайлық Нұрбек Мирасов механикалық инженер. Ол Қостанайда өнеркәсіпте біраз жыл тәжірибе жинап, 2019 жылы Ұлыбританиядағы Бристоль университетіне оқуға түседі. Білім алып жүріп көлік саласында бірнеше ғылыми жұмыс жазады. Негізгісіне тоқталсақ, энергия көзі сумен жүретін көліктердің жобасын жасайды. Кейін бұл еңбегіне Jaguar Land Rover автомобиль компаниясынан ұсыныс түсіп, жұмысқа шақырту алған.
Нұрбек Мирасов, «Jaguar Land Rover» автомобиль компаниясының инженері:
Қазір бүкіл әлемде болашаққа өтетін кезең. Яғни, электрлі автолар мен сумен жүретін автоларға инвестиция салып жатыр. Университет Бристольдың 2-курс студенттеріне 200 балаға практикалық жобам болды. Сумен жүретін көліктерге керекті компоненттерді арнап, электрлі тізбегін өзгертіп. Қазіргі кезде жыл сайын 200 инженер сол жобаны міндетті курс ретінде істейді.
Ал байқоңырлық Аружан Әлімбетова халықаралық авиация талаптарынан сүрінбей өткен. Ол бүгінде 600 жолаушыға шақталған әлемдегі ең үлкен Airbus 380 әуе кемесінде бортсерік. Аружан отандық әуе компанияда бір жыл еңбек етеді. Кейін, 2023 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне құжат тапсырып, 5 жылдық шартпен жұмысқа орналасқан.
Аружан Әлімбетова, «Emirates» әуе компаниясының бортсерігі:
Бірінші талап, ол ағылшын тілі сіз жеңіл сөйлесе алуыңыз керек. Әрбір адам бұл жұмысты көтере алмайды. Әрбір фазаның жұмысын сен тиянақты, жауапкершілікпен қарауың керек. Өйткені сенің жіберген бір қатең үлкен нәрсеге алып келуі мүмкін. Біз бір минутқа кешіге алмаймыз.
Халықаралық жүйеде жұмыс істеу күрделі әрі маңызды. Алайда, жастарымыз асуларды бағындырса да, елге оралуға ниетті.
Ақмаржан Ғафизқызы