Көршілес Өзбекстанда өткен «Байсын көктемі» халықаралық фестиваліне түркістандық өнерпаздар да қатысып, қазақтың әні мен биін көпшілікке ұсынды. Байқауда әлемнің бірнеше елінен келген фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер өнерін ортаға салды. Туризм комитеті мен Мәдениет министрлігі ұйымдастырған көктем мерекесі биыл жетінші рет өткізілді.
Алпамыс батырдың жұртына әлемнің әр түкпірінен жиналған жамағат қазақтың қара домбырасының үнін тыңдады. Табиғаты көркем Байсын өлкесіндегі салтанатты шараға бас аяғы 100-ден астам өнер майталмандары, фольклортанушылар, мәдени мұраны дәріптеп жүрген азаматтар мен туристер келген
Ақнұр Әбдіраман, фестивальге қатысушы:
Халықаралық фестивальге алғаш қатысуымыз. Көңіл-күй өте керемет, бізді қонақжайлығымен керемет қарсы алды, барша байсындықтарға, Өзбекстан халқына алғысымызды айтамыз. Әрбір халықтың ұлттық киіміне биіне таңқалып, қолдап отырдық өте қатты ұнады.
Фольклор өнері саласындағы байқау жеңімпаздарының қатарында жерлестеріміз де бар. Фестиваль аясында ұлттық қолөнер көрмесі, киім үлгілерін көрсету мен өзге де қызықты сайыстар ұйымдастырылды. Байсын жұрты ата-бабадан қалған әдет-ғұрып пен салт- дәстүрді әлі күнге сақтап келе жатқандығымен ерекшеленеді.
Меңдіғани Жүсіпбаев, қазақстандық делегация өкілі:
Жалпы түркітілдес елдер болғандықтан біздің арамыздағы достығымыз ешқашан айрылған емес, сондықтан біз өте қуаныштымыз осындай фестивальге келіп өнерімізбен бөлісіп, басқа да елдердің өкілдерінің өнерін тамашалап, қуанып жатқан жайымыз бар.
«Байсын көктемі» фестивалі аясында аспанға бір мезетте 20 әуе шары ұшырылды. Қонақтар мен өзге де саяхатшылар Байсынның бай табиғаты мен сұлулығын көктен тамашалауға мүмкіндік алды.
Базаркүл Отыншиева