Вашингтонда қазақстандық дизайнердің туындысы көрмеге қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтонда қазақстандық дизайнердің туындысы көрмеге қойылды

13.05.2024

Вашингтонда халықаралық стиль көрмесі басталды. Оған 30 елдің киім үлгілері дизайнерлерінің туындылары қойылған. Қазақстандық сәнгер де заманауи қазақы киім үлгісін ұсынды.

«Сәнді күш - сәнді бейбітшілік» атауымен ашылған көрме АҚШ-тың 28-ші президенті Вудро Уилсонның үйінде өтіп жатыр. Түрлі елдің киімдерін мұражайдың әр бөлмесінен көруге болады. Ұйымыдастырушылар сән арқылы мәдени әралуандықты көрсетуді және елдер арасындағы байланысты нығайтуды көздедік, дейді.

Элизабет Карчер, мұражайдың атқарушы директоры:

Мына әдемі киім Қазақстаннан. Ол жібектен жасалған және мына оюланған түйреуішті қараңыздар. Сыртқы шапаны барқыт, шын мәнісінде бұл шалбары бар костюм. Оның керемет әдемі астары бар және белбеуі бисермен әсемделген.

Осылайша, қазақ дизайнері билік пен бейбітшілкті дәстүрлі киім мен заманауи өнер арқылы бейнелеген. Яғни, ұлттық құндылықты дәріптей отырып бүгінгі күннің талабын да ескерген.

Сильвия Калелла, көрмеге қатысушы:

Мен Вашингтондағы стилистпін. Бұл керемет көрмеге келгеніме өте қуаныштымын, сіздерге де ұнайды деп ойлаймын. Басқарушы әйел сәнді болуы керек.

Көрмеден АҚШ, Франция, Сингапур, Қытай, Сауд Арабиясы сияқты елдердің киімдерін көруге болады. Ал Орталық Азиядан тек қазақстандық дизайнердің туындысы қойылған.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу