Тасқын болған өңірлерде 5 мыңнан астам абонент жарықсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасқын болған өңірлерде 5 мыңнан астам абонент жарықсыз отыр

10.05.2024

Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бүгін Үкіметте баяндады. Онда жылыту маусымының қорытындысы мен алдағы қысқа дайындық мәселесі қаралған болатын. Жауапты ведомства басшысының айтуынша биыл тозығы жеткен жылу электр станцияларын күрделі жөндеу көзделген. Премьер-министр маңызды шаруаға әкімдердің жеке жауап беретінін қатаң ескертті.

Алдыңғы апттардан сабақ алса керек, биыл Үкімет жылыту маусымына ертерек қамданып жатыр. Оның үстіне Президент әбден тозған 19 жылу электр станциясын дереу жөндеп, Екібастұздағы секілді апаттарға жол бермеу керектігін қатаң тапсырған.

Сонымен, Энергетика министрінің мәліметінше биыл 10 энергоблок, 55 қазандық пен 45 турбинаны күрделі жөндеу көзделген. 20 мың шақырымнан астам электр желісі де жаңарады. Электр желісі демекші, Алмасадам Сәтқалиев тасқын салдарынан жарықсыз қалған ауылдарға қайта тоқ беру жұмыстары жайлы да баяндады. Айтуынша әлі 5 мың абонент жарықсыз отыр.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
Төтенше жағдайды жоюға 9 мыңнан астам энергетик маман, 2145 арнайы автотехника тартылды. 414 мобильді электр энергия көзі бар. Жақын арада әртүрлі кластағы үш мыңнан астам электр беру желісін қалпына келтіру қажет.

Жылу құбырларын жаңарту бойынша да ауқымды жұмыстар жүрмек. Мәселен ел аумағында 13 мың шақырым жылу құбыры бар. Соның 53 пайызы әбден тозған. Яғни сол 7 мың шақырым құбырды ауыстыру қажет. Олар әсіресе, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Қарағанды облыстарында.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
2030 жылға дейін жылу желілерінің тозуын 43% - ға төмендету қажет.Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жыл сайын шамамен 350 шақырым жылу желілерін жөндеу қажет, қаржылық қажеттілік жылына шамамен 250 млрд теңгені құрайды.

Ал Үкімет басшысы жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстарын уақтылы іске асыру керек деді. Десе де Ұлытау, Жезқазған және Маңғыстау облыстарында жылу қазандықтарының құрылысы әлі басталмаған. Оның үстіне МАЭК-тің екінші энергоблогын жөндеу жұмыстары да былтырдан бері аяқталар емес.

Сәбит Желкушинов, «МАЭК» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:
Энергоблок былтыр істен шығып, Алматыға жөндеуге жібергенбіз. Сол енді келді. Қайта орнатып едік, діріл пайда болып, қондырғыны өшіруге тура келді. Қазір теңестіру жұмыстары жүріп жатыр. Оны осы айдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Премьер шаруаны шапшаңдату үшін жергілікті жерлерде бақылауды күшейту керек деді. Әрі әкімдерге кабинетте отыра бермей, жөндеу жұмыстарын басы-қасында жүріп бақылауды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Әкімдер сіздерге айтарым жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Нысандарға өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарын тікелей бақылауға алу керек. Мен өңірлерге сапарым кезінде Президент тапсырмаларының тікелей өзім тексеретін боламын.
Досжан Маратұлы, тілші:
Оның үстіне Үкімет басшысы, шаруаны мандыта алмаған меншік иелері мен әкімдерге қатысты тиісті шара қолданатынын да ескертті. Олжас Бектеновтың тапсырмасына сай жөндеу жұмыстарының жоспары 5 күнде жасалып, солтүстік және шығыс өңірлерде 15 кыркүйек, ал қалған аймақтарда 15 қазанға дейін іс жүзінде жүзеге асуы керек.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу