Атырау облысы Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылы тұсында, Жайық өзені ернеуінен асып, жайылмаға жайылған. 4 шаруа қожалығындағы адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір тасқынға қарсы жұмыстар пысықталуда. Елдімекендегі жағдаймен әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт танысып қайтты.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:Біз қазір Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл ауылындамыз. Ағыспен келген нөпір су бекітілген жағаларды құлатып жатыр. Мінеки мына жері опырылып кеткен. Көп кешікпей бұл да құлайды. Қазір жауаптылар мен әскерилер бөгеттерді қайта нығайтып жанталасып жатыр.
Жылда Жайыққа су келсе Талдыкөл ауылының тұрғындары үрей құшағында отырады. Өйткені бекітілген жағаны ағыспен келетін нөпір су шайып әкетеді. Жаңадан салынған 3 шақырым бөгет те биылғы қарқынға төтеп бере алмай опырылып кетті.
Парасат Иманбаев, Талдыкөл ауылының тұрғыны:Биыл біреуін салып еді, ол кетіп қалды. Екіншісін салып жатыр, ол да келесі жылы кетіп қалады. Плитадан салып бетондамаса болмайды бұл жерді. Ауыл суға кетуге аз қалды.
Сейілбек Зұлқашев, Бейбарыс ауылдық округінің әкімі:Аудан әкімдігі мен аудандық құрылыс бөлімі жағаны бекіту жұмыстарына 60 млн теңге қаржы қарастырды. Сол бойынша жоба қазір жасалып жатыр. Проект осы маусым айында бітуі қажет. Содан шыққан қаржыны аудан облыстан сұрайды. Ақша бөлінгеннен кейін цементтен құйып жағажай салуымыз керек.
Жайықты жағалай орналасқан 17 елдімекеннің үшеуіне тасқын қаупі төніп тұр. Біреуі осы Талдыкөл болса, қалғаны Сарайшық және Махамбет ауылы. Мұнда бөгеттерді қосымша нығайтып жатыр. Сумен бірге ағып келген қоқыс пен бөренелер шлюздердің, жүзбелі насостардың жұмысына және судың кедергісіз өтуіне қиындық келтіруде.
Қайрат Нұрлыбаев, Махамбет ауданының әкімі:Олардың барлығын біз қазір каналдың жұмысшыларымен, қосымша катерлерді облыстан алдырып, қажетіне қарай кранмен алу мәселесі де қазір ұйымдастырылып жатыр. Судың деңгейі арнасынан осы 1-2 жер болмаса басқа жер шыға қоймады әлі. Толық жағдайды бақылап отырмыз.
Су келе қалған жағдайда аудан аумағында 22 эвакуациялық пункт дайын тұр. Тұрғындарды тасымалдауға 20-дан астам техника сақадай-сай. Келген нөпір суды еш кедергісіз өткізу мақсатында Нарын, Бақсай және Сборный каналдары тереңдетіліп, қоқыстардан тазартылған.
Нұрсұлтан Нұрсейіт