Алматыда Әзербайжан-Армения келіссөздері басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Әзербайжан-Армения келіссөздері басталды

10.05.2024

Алматыда Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келіссөздер басталды. Кездесуге қос елдің Сыртқы істер министрлері – Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян келді. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қазақ тарапының ұсынысын қабыл алған, бейбіт келісім жүргізуге бекінген екі елдің Сыртқы істер ведомстволарының басшыларына алғысын жеткізді. Кездесуде тараптар 1991 жылғы Алматы декларациясының Әзербайжан мен Армения арасындағы қатынастарды реттеу, оның ішінде шекараны делимитациялау процесінің маңыздылығына тоқталды.

Осы орайда Мұрат Нұртілеу келіссөздердің бұл кезеңі Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауына әсер ете алатынына сенім білдірді. Әрі Қазақстанның медиатор болмай-ақ, «қайырымды кеңселер» форматындағы миссиясын бейтарап орындауға әзір екенін атап өтті. Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян, қазақстандық тарапқа келіссөздер алаңын ұсынғаны және іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін ризашылығын білдірді.

Джейхун Байрамов, Әзербайжан республикасының сыртқы істер министрі:
Алматыдағы келіссөздер тиімді, пайдалы боларына сенім мол. Делегациялар соңғы рет Берлинде екі ай бұрын кездесті. Сол кездесуден бері тараптар бітімгершілік келісім жобасы бойынша елдердің ұстанымдарын көрсететін жекелеген құжаттармен алмасты. Біз өз тарапымыздан мұндай процестерге ықыласпен әрі үлкен жауапкершілікпен қарайтынымызды жеткізгім келеді. Жұмыстың нәтижелі жалғасатынына да сенім артамыз.
Арарат Мирзоян, Армения республикасының сыртқы істер министрі
Арменияда Қазақстан тарапының екі елдің келісімге келіп, Оңтүстік Кавказда ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға көмектесуге деген зор ұмтылысын жоғары бағалайды. Менің ойымша екі мемлекет арасындағы делимитация процесі Алматы декларациясы негізінде жүруі керек. Армения бейбітшілікке бағытталған келіссөздер процесіне сындарлы түрде қатысуға дайын. Осы маңызды кездесуді ұйымдастыруға бастамашы болғаны үшін Қазақстанға, Президент Тоқаевқа алғыс айтамын.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу