Абай облысында соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

10.05.2024

Жеңістің 79-шы көктемін Абай облысында 5 майдангер қарсы алды. Қарт жауынгерлерге 2 миллион теңгеден сыйлық берілді. Мерекеден тыл ардагерлері де тыс қалған жоқ.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Абай облысынан 100 мыңға тарта сарбаз аттанды. Солардың бірі Әбдіғали Қаймолдин. Ол Харьков қаласын азат етуге қатысты. Сталинград түбіндегі ұрыстарда ерлігімен көзге түсті. Талай қиындықты басынан өткерген ардагер жеңістің 79-шы көктемін 103 жасында қарсы алып отыр.

Әбдіғали Қаймолдин, соғыс ардагері:

5 рет жараландым. 2 аяғым бірдей сынып, гипсте жаттым. Өсіп келе жатқан жасқа айтарым өтірік айтпау керек, темекі арақтан аулақ болу керек. Отан үшін халық үшін, келешек жастар үшін адал еңбек істеу керек.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев соғыс ардагерлеріне ізгі лебізін білдіріп, құрмет көрсетті. Семейліктер мереке күні жылдағы дәстүрмен Жеңіс саябағына жиналды. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Біз әрқашан Отан үшін от кешкен батырлар мен боздақтарды ұлықтап, есімдерін мәңгі жадымызда сақтаймыз. Ешкім де ешқашан да ұмытылмайды, ерлік даңқы өшпейді. Отан соғысында қаза тапқандардың рухына бас иіп тағзым етеміз.

Тыл ардагерлерінің де жеңісті жақындатуға қосқан үлесі ерекше. Өңірдегі 2164 тыл ардагері мемлекеттен біржолғы әлеуметтік көмек алды.

Шерхан Жамбылұлы

Нұргүл Садықова


Хабарламаларға жазылу